Атырау мұнай және газ университетінің биылғы түлектеріне диплом тапсыру салтанатты шарасы өтті

2017 жылдың 26 маусымында Махамбет атындағы драма театрда Атырау мұнай және газ университетінің биылғы түлектеріне диплом тапсыру салтанатты шарасы өтті. Шараға облыс әкімі Н.А. Ноғаев, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, «АтМГУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің мүшелері, компания өкілдері, еңбек ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар, студенттер қатысты. Алғашқы сөзді облыс әкімі Н.А. Ноғаев алып, түлектерге сәт сапар тіледі. Университет қабырғасында алған білімдеріңізді Қазақстанның, Атырау облысының даму бағытына жұмсаңыздар, - деді аймақ басшысы. Одан кейін сөз алған «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қазақстандық қауымдастығының төраға орынбасары Ұ. С. Қарабалин, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры, Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Ахмет-Заки, «Тенгизнефтестрой» АҚ Президентінің кеңесшісі Т.Қ. Мұрсалиева және компания өкілдері түлектерге ақ жол тілеп, 45 түлекке қызыл диплом тапсырды. «Жігермұнайсервис» ЖШС дуалдық білім беру жүйесімен бітірген 19 түлекке дипломмен бірге еңбек кітапшаларын тапсырды және жоғары балл жинаған бірнеше түлекті жұмысқа қабылдағанын айтты. Университет ректоры А.А. Абишев: Бүгін барлығымыз үшін айтулы мереке! Сіздер, құрметті түлектер, коммерциялық емес акционерлік қоғам мен университет статусын алған кезеңдегі алғашқы түлектерсіздер. Сіздер жоғары біліктілік алып қана қоймай, 4 жыл бұрын өздерініз таңдаған мамандықтарыңыздың белгілі кәсіби маманы боласыздар – деп, түлектерге ақ жол тіледі. Одан кейін республикалық, облыстық олимпиадалардың жүлдегерлерін, оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқан түлектерге алғыс хаттар тапсырды. Шара концерттік бағдарламаға жалғасып, Али Ажимұлы түлектермен бірге «Атамекен» әнін шырқады. 
 

Гүлмира Дәулет

 Баспасөз орталығының аудармашы-маманы