Еңбектің нәтижесі еленді

2019 жылдың 27 желтоқсан күні Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен әкімшілік ұжымының қызметкерлерін марапаттау жиыны өтті. Жиын барысында АтМГУ Басқарма төрағасы – ректор Г.Т.Шакуликова барша ұжымдастарды келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтады.

Жиын кезінде «Құрылыс, стандарттау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» кафедрасы меңгерушісінің м.а. М.Д.Бисенғалиев Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Геология және геофизика» кафедрасы меңгерушісінің м.а. С.Н.Нұрсұлтанова «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, ал «Гуманитарлық пәндер және дене тәрбиесі» кафедрасының профессоры К.Т.Өтелбаев жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар ұжымдастарымыз «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына» және «Көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғысына» ие болды. Басқарма төрағасы – ректор марапат иелерін құттықтай отырып, өскелең жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда қосар үлестерінің мол болуын тіледі.