Журналистика саласындағы біліктілікті арттырған жиын

«Jas Qalam» жас тілшілерге арналған жоба аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент қоры мен Қазақстан жастар Конгресінің ұйымдастыруымен 11 қазан күні  Атырау  өңірінің жас журналистеріне арналған форум өтті.  Аталған форум жұмысына Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті баспасөз орталығының екі жас маманы  Джасақбаева Айгерім мен Нарынбаева Асылай қатысып, өздерінің білім қорларын журналистика саласындағы жаңалықтармен, құнды ақпараттармен толықтырды.

Форум модераторы ретінде Қазақстан Жастар Конгресі жанындағы Республикалық жастарды дамыту орталығының жетекшісі Ерғазы Әзімханұлы сөз сөйледі. Спикерлер журналистика саласындағы өздерінің озық тәжірибелерімен және кеңестерімен  бөлісті. Сонымен бірге журналистика саласындағы тәжірибелі мамандары  "Қазақстан" РТРК өкілі, "Талшолпан" жобасының жетекшісі, журналист, продюсер – Бейсеев Жансерік; журналист, сайт жетекшісі және негізін қалаушы aikyn.kz "Айқын" газетінің хатшысы Асқар Беков, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы, медиа-тренері – Ақерке Берлібай шеберлік сағаттарын өткізді.

Қатысушылар 3 топқа бөлінді. Олар: тележурналистика, интернет-блоггинг (интернет-БАҚ, блоггинг және пиар салумен жеке бренд) және баспа журналистикасы. Шеберлік сағатына қатысушылар тікелей эфирді жүргізу, телебағдарлама түсіру, сюжеттер беру, т.б. бағыттар бойынша тыңғылықты, практикалық тәжірибе жинақтады. Сонымен бірге мақала жазудың тәртібі, жеке блогты жүргізу, әлеуметтік желідегі аккаунт, блогер мәртебесі туралы  ақпараттармен бөлісті.

Форум аясында спикерлерге қатысушылар  көптеген сұрақтар қойып, оған толыққанды жауап алды және өз кезегінде форум жұмысын ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын да білдірді.

Форум өте пайдалы, терең мазмұнды, жастарға жігер беретін сәтті кездесу түрінде өтті.  Соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.