«Мұнай-газ ісі» кафедрасының оқытушылары «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай кен орындарын аралады

2019 жылдың 30 қазан күні «Мұнай-газ ісі» кафедрасының бір топ оқытушылары «Ембімұнайгаз» АҚ-ң «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнай кен орындарына барды. Сапар мақсаты – мұнай мен газды өндіру және дайындауда пайдаланылатын жаңа технологиялармен  және техникалармен танысу.

Сапар «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығымен кездесуден және «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесіндегі интерактивті музеймен танысудан басталды.

Қауіпсіздік техникасы бойынша сабақ өткізілгеннен кейін Аққыстау ауылындағы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ кеңсесіне және Жаңаталап, Балғымбай, Қамышты кен орындарына барып қайтты.

Сапар барысында «Мұнай-газ ісі» кафедрасының оқытушылары игерілетін кен орындарының технологиялық көрсеткіштері, мұнай өндіру үдерістерін цифрландыру деңгейі туралы құнды ақпарат алды, сондай-ақ өндірілетін ұңғыма өнімдерін жинау және кәсіпшілікке дайындау үшін қолданылатын жаңа техникамен және жабдықтармен танысты.