Сәт сапар, ТҮЛЕК!

2019 жылдың 10 шілде күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін бітіруші түлектерге арналған «Сәт сапар, түлек – 2019» атты көптен асыға күткен диплом табыстау салтанатты шарасы өтті. Айтулы шараға білім ордасының оқытушылары мен мекеме басшылары, бітіруші түлектердің ата-аналары, туыстары қатысуға арнайы келді.

2018-2019 оқу жылында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін бітіруші түлектер арасында бакалавр бойынша 1300-ге жуық студент оқу орнын аяқтап, оның ішінде 69 студент үздік диплом иегері атануда. Дуалды білім беру факультетін 46 студент тәмамдап, дипломмен бірге еңбек кітапшалары мен сертификаттарға ие болды. Ал магистратура бойынша 26 магистрант оқу орнын аяқтауда. Биылғы жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша 247 студент Атырау мұнай және газ университетінен білім алып шықты.

Салтанатты шара кезінде Атырау мұнай және газ университетінің тарихы айтылып, кейін түлектерге диплом табыстау салтанаты басталды. «Сәт сапар, түлек – 2019» шарасы кезінде ең алдымен үздік диплом иегерлерін құттықтап, ағылшын тілді бөлімді бітірушілерге және дуалды оқыту факультетін бітірушілерге диплом мен еңбек кітапшалары табысталды. Сонымен бірге университет қабырғасында білім алып, сан-салалы ғылымды меңгерумен қатар оқу орнының студенттік өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқара білген және қала, облыс, республикалық түрлі білім сайысы мен спорттық турнирлерде, шығармашылық байқауларда Атырау мұнай және газ университетінің мәртебесін асқақтатуда өзіндік үлес қосқан бір топ түлектерімізге де алғыс хаттар табысталды. Студенттерге диплом табыс етуге және құттықтауға қонақтарымыз арнайы шақырылды. Атап айтсақ, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы Жақсылықов, «АМӨЗ» ЖШС қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаменті директоры Габит Аждарович Толкинбаев, «Жігермұнайсервис» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Еділұлы Рафик Мұхатов, «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директорының жалпы сұрақтар бойынша орынбасары Марат Самиұлы Қалымов, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының (ҚазГБҒЗИ) директоры Асқар Мұнара, «ҚазТехМұнайСервис» ЖШС бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Төлжан Құлжанұлы Құлжанов, АтмГУ профессоры, ф-м.ғ.д. Дүйсенбек Орынғалиұлы Құлжанов, сондай-ақ АтМГУ Басқарма төрағасы-ректор м.а. Әлібек Оңайбайұлы Көшеков өздерінің ақ тілектерін жаудырып, студенттердің алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

Ал факультеттер бойынша диплом табыстау құрметі Мұнай-газ факультеті, Индустриялды-технологиялық факультеті және Экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар факультетінің декандарына тапсырылды.

Құрметті Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және

газ университетін бітіруші түлектер!

«Білімнен қуатты күш жоқ, біліммен қаруланған адам жеңілмейді» - деп Максим Горький айтқаны секілді, білімді бойына сіңіре білген, сіңіріп қана қоймай оны өмірде іске асыра білген адам ешуақытта қор болмас. Білім мен ғылым, тәрбие мен тағылым бойларыңызда тұрған кезде Сіздердің болашақтарыңыз – жарқын, өмірлеріңіз – ғажап. Университет қабырғасынан сіңірген білімдеріңіздің, тәжірибелеріңіздің арқасында жоғары білікті, бәсекеге қабілетті өз ісінің маманы болатындарыңызға сенімдіміз. Көкіректеріңіз ояу, жолдарыңыз қашан да ашық болсын! Сәт сапар!