Кәсіпкер Сағат Қашқынұлының студенттермен кездесуі

Кездесуді жүргізген АтМГУ Басқарма төрағасы-ректор А.А.Абишев жалпы жоғары оқу орнында білім беру тек белгілі бір аудиторияда лекция оқумен шектелмейді, ол негізінен сол мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген, сол саланың майталман шеберімен сұхбат құру, еркін форматта, сұрақ-жауап түрінде өткен сабақтың нәтижесі жоғары болатынын бүгінгі күнгі тәжірибе дәлелдеп жүргеніне тоқталды. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың 2-ші қарашасында АтМГУ-ң кезекті сондай сабағына өңірге кәсіпкерлігімен танымал, инженер Сағат Қашқынұлы Түгелбаев келіп, индустриалды технология факультетінің студенттерімен кездесті.
Кездесуде Сағат Қашқынұлы біздің елдің ең басты және негізгі капиталы - жерді тиімді, тең дәрежеде, дұрыс пайдалана білу адамдардың міндеті екеніне басты назар аударды. Студент жастардың алдына биік мақсаттарды қоюды және сол жолда еш тайынбастан, шаршамай, жалықпай еңбек етуді тапсырды. Өзінің балаң кездегі арманына өмір тәжірибесі, жинаған дағдылары мен білімдердің арқасында және теккен тер мен еткен еңбек нәтижесінде жеткенін айтып, сол асқақ армандардың орындалатынына студенттерді сендіре білді. Ал ол үшін тәртіп, міндет, белгілі бір қалыптар орындалуы тиіс деп көрсетті. Оны қонақ мынадай бір тамаша ойымен дәлелдеді: «Жаңа Сіздермен, яғни студенттермен кездесу үшін осы аудиторияға баспалдақ арқылы көтеріліп келе жатқанда мен баспалдақтың жақтауынан ұстап көтерілдім. Шындығында мен екі-үш баспалдақтан бір аттап, тездетіп көтерілуге, жүгіріп келуге де болар еді. Бірақ олай болмайды! Неге?! Себебі ол-қауіпсіз қозғалыс үшін бекітілген норма, тәртіп,стандарт, міндет. Өмірде де солай. Арманға жету үшін тәртіп, міндеттерді орындасаң ғана жетесің.»
Кездесу барысында студент жастар мен АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Ал «Теңіз техникасы мен технологиясы" мамандығының 4 курс студенті Әбілпаттан Жанар «Мұнай өнімдерін газ лифтілі әдіс арқылы алу кезіндегі айдау агрегаттарының жұмысын жақсарту» тақырыбындағы айналысып жүрген жұмысымен таныстырды.