Барлық істің басшысы – білім мен ұғым

Осындай тақырыпта 13.02.2020ж. АтМГУ-да хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған танымдық кездесу өтті. Мақсаты – хакім Абайдың 175 жылдық мерекесіне орай жастарымызға ислам дінің құндылығын ұлы Абайдың қара сөздері мен поэзиясы арқылы жеткізе білу, «дінде адаспаудың бірден бір тура жолы -Абай хакімнің жолы» ұғымын жеткізу. Танымдық кездесуге Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мен Республикалық ақпараттық-насихаттау топ мүшесі, филолог Ахметов Мәди Айдарханұлы қатысты.
Абай жас кезінен діни тәрбие алды. Мұсылмандықтың тура жолын ұстанды. Оған мысал Абайдың оқудағы інісі Халиуллаға жазған хаты. Осы хатында «Құдайға шүкір», «Алла тағаладан қайтсын», «Құдай тағала қаласа» және «Құдай тағалаға сиынып» деп мәртебелі Жаратушы алла тағаланы бірнеше рет ауызға алады. Ұлы Абай өзінің 38 қара сөзінде: «Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз..... Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматпенен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға, пенде өз ақылы жетерлік шамасында білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім деп ат қойған» деп өзі сенген, көзі жеткен ислам діні туралы ақиқат пайым берген. Қазіргі діндегі теріс бұрмалаушылықтардан ада болу үшін жастарымыз дін феноменін Абайша түсіну және қабылдау қажет.
Алмағайып уақыттағы дін айналасындағы кемшіліктер мен мұсылмандыққа жат жағдайларды сынға алған дін басқармасының өкілдері нақты деректермен қазіргі діни ахуалды сипаттап берді. Осындай теріс жолдан аулақ болу үшін, жастарымыздың хакім Абай секілді білім мен ғылымды дұрыс меңгеруге шақырды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға дін басқармасы өкілдері жауап берді.
Кездесу барысында діни сауаттылықты арттыру мақсатында оқу орнының кітапханасына «Ислам жарастыра ма, таластыра ма?» (Авторлары: Х.Қажымұртұлы, А.Ұтысханұлы) атты кітапты сыйға тартты.
Танымдық кездесу соңында ғұлама М.Әуезов айтқан «Абайдың діні – сыншыл, ақылдың, адамгершіліктің діні» деген оймен қорытындыланды.