Мәңгілікке айналар ғибратты ғұмыр

     2018 жылдың 14 мамыры күні химия ғылымдарының докторы, академик, бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Атырау мұнай және газ университетінің негізін қалаушы және бірінші ректоры Төлеуіш Пәуеденұлы Серіков 70-тен асқан шағында дүниеден өтті.


     Адам баласы өмірге келгеннен кейін тағдырдың тартқаны сыйы мен сан алуан сапарына тап болады. Тіршіліктің қым-қуыт ағыстарында жұмыр басты пенде өзінің арқалаған арманы мен міндетіне алған мақсатына жету үшін аянбай тер төгеді, білім алады, жолында кезіккен жақсыдан өнеге иеленіп, жанына қас әдеттен бойын аулақ ұстайды. Өткеніне көз жіберіп, көрген- білгенін, ойға түйгенін еселеп, алдыға қарай ұмтыла түседі. Себебі алда оны туған жер, өскен өлке, атамекеннің аманаты жетелеп келеді. Аманатқа қиянат жасамау, ол – ардың ісі. Міне, кіндік кесіп, балалықтың пейіш дәуренін кешкен, ата-ананың мейіріміне сусындаған Атырау облысы Теңіз ауданының Сафоновка ауылы – Төлеуіш Пәуеденұлының бала қиялына қанат бітірген, сарқылмас жыры мен сыры қалған туған жері, барлық игілікті жолының мөлдір балтұмасы.
Ерте есейіп, елге қызмет етсем деген орнықты ой жалынды жасты талмай білім алуға жетеледі. Атыраудың педагогикалық институтында, кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып, біліммен қатар, ғылымды да қатар алып жүрді. Бала жасынан бойына сіңген мұнай исі жас ғалымды химияның қыр-сырын игеруге бағыттады. Барды бағалап, еңбекпен ғана ерлікке жетуге болады деген қағида өмірлік ұстанымына айналған Төлеуіш Пәуеденұлының еңбек жолы – ерді де, елін де абыройға бөлеген ғибратты ғұмырының айқын парағы.


     1998ж. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мұнай-газ саласы бойынша мамандар даярлауға байланысты тапсырмасымен ашылған Атырау мұнай және газ университетінің (институтының) алғашқы ректоры болып тағайындалды. Ол жалпытехникалық факультеттен бастап, Атырау мұнай және газ университетін (институтын) барлығы 30 жылдай басқарып, оның қалыптасып, дамуына, заманауи ғылыми-инновациялық инфрақұрылымның орнығуына аса зор үлес қосты. Еңбекқорлығының, дарыны мен іскерлігінің арқасында Т.П. Серіковтің басшылығымен институттың материалдық-техникалық базасы нығайып, оннан астам оқу корпустары, жатақхана, кітапхана, спорт кешені, студенттер сарайы т.б. инфрақұрылымдар жасақталып, студенттік қалашық орнықты, елімізге белгілі іргелі оқу орнына айналды.Сонымен қатар, Т.П. Серіков–мұнай-газ саласындағы жоғары мектептің ұйымдастырушысы, белгілі қоғам қайраткері, бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академиясының академигі, өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерге де кеңінен танымал ғалым болды. Іргелі ғылыми зерттеулерімен қатар, Т.П. Серіков мұнай өңдеудің химиялық технологиясы жөнінде 160-тан астам ғылыми монографиялар, 80-нен астам оқулықтар жазып, 35 өнер тапқыш патенттеріне ие болды. Еліміздің және шетел ғылыми басылымдарда 535-тен астам мақалалары мен еңбектері жарияланды. 
Ғылым мен өндірісті тығыз байланыстыру сияқты түрлі салаларды аса біліктілікпен саралап, көптеген игі істерге мұрындық болды. Осыншама өлшеусіз еңбек Т.П. Серіковтің есімін Қазақстанның мұнай тарихында өшпестей етіп бедерледі.


     Қарапайым еңбек адамынан басталып, басшылықтың әртүрлі жолдарындағы өмір белестерінде Төлеуіш Пәуеденұлы кісілік мектебінен өткендігінің белгісіндей кішіліктен бір қайтпады. Айналасына қашанда шуағын шашып тұрар күн келбетті, жайсаң жүректі Ағаның үзеңгілес замандастары мен қанаттас інілері, тәлімін алған шәкірттері Төлеуіш Пәуеденұлының өзіне де өзгеге де талап қоя білген жанкештілігін, шебер ұйымдастырушылығын, тынбас еңбекқорлығын, жалтақсыздығын, терең зерделік пен іскерлік алғырттығын, бастаған ісінің нәтижесін көруді мақсат тұтып, біліктілікпен кірісіп кететін қасиеттерін өнеге тұтып, әрқайсысы өздерінің бағыт сілтер темірқазығына айналдырған. Атырау мұнай және газ университетінің (институтының) қабырғасында құрылған халықаралық диссертациялық кеңесте 77 адам докторлық және кандидаттық диссертация қорғады, олардың ішінде 15 ғылым докторы мен 62 кандидат республиканың жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда және өндірісітік мекемелерде жемісті еңбектерін жалғастыруда. Диссертациялық кеңесті Т.П. Серіков өзі ұйымдастырып, құрып, табысты басқарды. Бүгінгі күні Атыраудың жоғары оқу орындарында еңбек етіп жатқан ғылым докторлары мен кандидаттарының көпшілігін Т.П.Серіков тәрбиелеп, олардың ғылым жолына түсулеріне тікелей ықпалын тигізді. 


     Т.П.Серіков Атырау өңірінің шынайы патриоты бола білді, оның әлеуметтік, білім, ғылым, спорт саласының дамуы, халықаралық деңгейде танылуы үшін өлшеусіз үлес қосты. Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері Ассоциацияның ғылыми ынтымақтастығы мен зерттеулерінің Атырауда тоғысуына іскерлік таланты мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өзінің ықпалын тигізіп, Ассоциация аясында көптеген халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралардың Атырауда өтуіне басшылық жасады. Әуел бастан мол ризық бұйырған айтулы азаматтың елі үшін сіңірген еңбегі еленіп, Мемлекет және Үкімет тарапынан «Құрмет» орденімен, «Астана», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдарымен, қатарынан 3 рет Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хаттарымен және Атырау облысының «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы», «Атырау қаласының құрметті азаматы» құрметті атақтарымен марапатталды. 
Ғалым, ұстаз, танымал тұлға, өз елінің аяулы перзенті Төлеуіш Пәуеденұлы Серіковтің есімі еліміздегі білім және ғылым саласының дамуына, руханиятына қосқан өлшеусіз еңбегі арқа тұтқан Атырау жұртшылығының және өзі негізін қалаған, оның дамуы жолында қайсарлық пен табандылықты танытқан Мұнай және газ университетінің барша ұжымының, ізденімпаздық пен дәйектілікке тәрбиелеген студент-жастарының, талмай баулыған түлектерінің есінде өнегеге айналған ғибратты ғұмыры мәңгілікке сақталады. 
Қош, Ғалым, Ұстаз, Аға!