Абай – дара, Абай – дана қазақта!

Абай Құнанбаев қазақтың ақыны, ағартушы, композитор, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Абай шығармашылығы шығыс халықтарының көркем мәдениетін дамытуға маңызды үлесін қосты. Оның есімі тек қазақ жұртына ғана емес, әлемге танымал. Ресей үшін Пушкин, Англия үшін Шекспир, Грузия үшін Руставели болса, дәл сол секілді қазақ халқы үшін Абай – бірегей тұлға, баға жетпес құндылық.

2019 жылдың 30 қазан күні Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты әдеби-сазды сағаты өтті. Аталған шараны қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Технологиялық машина және көлік» кафедрасының 1-курс студенттері ұйымдастырды. Шараға кафедра оқытушылары мен студенттері қатысты.

Шара барысында ең бірінші студенттер өздері дайындаған презентация арқылы ұлы ақынның өмірбаянымен таныстырды. Сондай-ақ Абай өмірінен театрландырылған қойылым қойып, қара сөздерін оқыды.

Шара кезінде студенттерден құралған хор «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Сонымен қатар білім алушылар домбырада ойнап, күй тартып, ән салып, қазақтың ұлттық билерін биледі. Жүргізушілер болса ақынның өмірі мен өнері жайында сұрақтар қойып, қатысушы қонақтар бар ынтасымен жауап беріп отырды. Шара соңында студент жастар мен қонақтар хормен «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.

Шараға қатысқан «Технологиялық машина және көлік» кафедрасының меңгерушісі Ш.М.Медетов аталған әдеби-сазды сағатты ұйымдастырушыларға өзінің алғысын білдіріп, шараның өте қызықты және тартымды өткенін жеткізді. Сондай-ақ студенттерді техникалық мамандық иелері болғанына қарамастан, олардың жан-жақтылығын, ұйымшылдығы мен дарынды қасиеттерін мақтан тұтты.