Академик Мұфтах Диаров 85 жаста

2018 жылдың 10 қазан күні «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ ұйымдастыруымен университет базасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор ДИАРОВ МҰФТАХ ДИАРҰЛЫНЫҢ 85 жасқа толу мерейтойына арналған «Экология және мұнай-газ кешені» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 
Академик М.Д.Диаровтың мерейтойына құрмет көрсету, экология және мұнай-газ кешенін дамыту мәселелеріне қызығушылық таныту, қазіргі заманғы ғылым, білім және өндірістің әр түрлі мәселелері бойынша конференцияға қатысушылардың еркін пікір алмасуы мақсатында өткен конференцияға Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдары, Атырау қаласындағы оқу орындарының оқытушылары, АтМГУ профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми қызметкерлері және студенттері қатысты.
Пленарлық мәжіліс Атырау облысының әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлының алғы сөзімен басталды. Облыс әкімі өз сөзінде ғалымның көтерген мәселелерін, оның өз жұмысына деген ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын айта келе: «Адам баласы жастайынан бойына білімді сіңіріп, өндіріс орнына барғанда сол білімін тиімді жарата білу – үлкен абыройлы іс. Сіз сол аралықты ұштастыра білдіңіз. Өмірлік және кәсіби тәжірибеңіз Сіз басқаратын орталықтың жас қызметкерлеріне, ғылым жолын қуам деген студенттерге үлгі болатыны сөзсіз. Еңбегіңіз еш кетпеді. Бүгінгі таңда сіз ҚР Ұлттық ғылым академиясының Атырау облысы бойынша жалғыз академигісіз. Бұл – біз үшін зор мақтаныш» деп, құттықтауын білдірді. 
Шараның жоспарына сәйкес, Пленарлық мәжіліс «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма Басшысы Жақсыбеков Әнуарбек Еркінұлы; Геология-минералогия ғылымының кандидаты, профессор Нұрсұлтанова Софья Нұрбайқызы («Геология және геофизика» кафедрасының меңгерушісі, Атырау мұнай және газ университеті); Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Егорова Елена Валерьевна (Мұнай-газ технологиялары Каспий маңы оқыту орталығының директоры, Астрахан мемлекеттік техникалық университеті); Мутышева Гүлсім Қажманқызы (North Caspian Operating Company жетекші эколог); Геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Сеитов Нәсіпқали Сеитұлының («Геология және геофизика» кафедрасы, Атырау мұнай және газ университеті) өз баяндамаларын оқуларымен жалғасты.
Айта кетелік, «Каспий маңы өңірінің экологиясы», «Каспий маңы елдерінің отын-энергетикалық кешені», «Мұнай және газ кен орындарын бұрғылау мен игерудің заманауи геофизикалық зерттеулері және технологиялары, мұнай мен газды тасымалдау», «Мұнай-газ саласының дамуының әлеуметтік-экономикалық аспектілері» тақырыптарында өткен секциялық мәжілістің қорытындысымен Каспий зерттеу институтының директоры Қанбетов Асылбек Шахмұратұлы таныстырып өтті.
Пленарлық мәжіліс бағдарламасына сәйкесті өңіріміздегі түрлі ірі-ірі» мұнай-газ компания өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен колледж директорлары келіп, мерейтой иегерін құттықтап, өздерінің ыстық лебіздерін білдірді.
Конференция соңында ғалым Мұфтах Диарұлы мен зайыбы Раиса Александровна шара қатысушыларына ерекше рахметін айтып, алғыстарын жаудырды.