«Бонатти» компаниясы студенттерге зор мүмкіндік сыйлады

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті қашан да студенттердің сапалы білімді игеру және еңбекке орналастыру жағдайын да қарастырады. Осыған орай үстіміздегі жылдың 23 мамыр күні университетте «Бонатти» компаниясы өкілдерінің АтМГУ студенттерімен кездесуі өтті.

Қазіргі уақытта көптеген жұмыс орындарына білімді де еңбекқор қызметкерлер қажет-ақ. Ал студенттер үшін болашақ мамандығының білгірі болу маңызды. Осы себепті бүгінге дейін де көптеген компаниялар мен өндіріс орындары университетімізбен келісімге келе отырып, студенттерімізді іс-тәжірибеден өтуге қабылдап келе жатыр. Бүгінгі өткен кездесуге бірнеше студенттердің компания басшылығына жолдаған түйіндемелері бойынша іріктелгендері қатысты. Тағы бір ерекшелігі жергілікті жердің студенттерінен болуына да басты назар аударылды.

Компания өкілдері студенттердің игерген мамандықтары туралы, олар болашақта өздерін қандай биіктерден көретінін білу үшін, өз мамандықтары бойынша қазіргі уақытта қандай тәжірибелері бар екенін, сондай-ақ таңдаған мамандықтарын теориялық тұрғыда қаншалықты меңгергендігін байқау мақсатында ұйымдастырылған пікірлесу барысында «Бонатти» компаниясының өкілдері Суханова Светлана мен Мурзагалиева Мейрамгүл Экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар факультеті мен Индустриялды-технологиялық факультетінің «Есеп және аудит», «Электроэнергетика», «Құрылыс» және «Қоршаған ортаны қорғау» мамандықтарының студенттерімен кездесті. Аталған компания өкілдеріне студенттер де сұрақтарын қойып, пікірлерімен де бөлісті.

«Бонатти» компаниясы өкілдері  АтМГУ студенттерін 3 маусым мен 6 шілде аралығында өндірістік іс-тәжірибеден өтуге байланысты екі жақты келісімшарт негізінде жүретінін және студенттерді жұмыс нысандарына өздері арнайы автокөліктерімен апарып, маман киімдерімен, түскі аспен қамтып, әлеуметтік жағдайы тұрғысынан қолдау көрсететін болды.