Ұжымдасымыздың ерлігі бағаланды

Арамызда жүрген қарапайым адамдардың адамгершілігін, көптің қолынан келмес ерлігін атап өткіміз келді.

Баршамызға белгілі 24 маусым күні Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс қаласында жарылыс орын алған болатын. Бұл күндері қалада Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтіп жатқан еді. Арыс қаласында ҰБТ өткізуге жіберілген 12 адамнан құралған Білім министрлігінің өкілдері жарылыс кезінде жергілікті пунктте тестілеу өткізіп жатырды. Орын алған оқиғадан кейін көпшілік орындарын тастап қашып бастады, қалада дүрбелең басталды. Ал бұл кезде ҚР БҒМ-ң 3 өкілі: Б.Е.Өтенова, Ж.М.Нұржұманова, Ш.А.Доскеева оқиға кезінде ерлікке пара-пар іс жасады. Олар да халықпен бірге қаладан шығып кетуге асықты. Жол бойынан жеңіл көлікті тоқтатып, жақын маңдағы биіктеу жерге жеткізіп тастауын өтінді (тұрғындар арасында су қоймасының жарылуына байланысты қаланы су басатыны туралы ақпар тараған болатын). Жол-жөнекей аяғы ауыр әйелді кезіктірген олар оның толғағының басталғанын білді. Ауылда перзентхананың болмауына байланысты жақын маңдағы кезіккен үйге кіріп, Министрліктің өкілдері Б.Е.Өтенова, Ж.М.Нұржұманова, Ш.А.Доскеева үй жағдайында босандырып алды. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің доценті Өтенова Балбөпе Есенжанқызы сәбидің кіндігін кесіп, аяқ астынан «Кіндік шеше» атанып та үлгерді!

Одан соң жедел жәрдем қызметін шақырып, қаладағы дүрбелеңге байланысты 1 сағаттан соң жеткен қызметкерлер жаңа босанған әйелді өз қарауларына алды.

Б.Е.Өтенова, Ж.М.Нұржұманова, Ш.А.Доскеева әйелдің күйеуіне хабарласып, оның ана атанғаны туралы қуанышты хабарымен бөлісті.

Халықтың басына төнген осындай қиын кезеңде қауіп-қатер туралы естен шығарып, шынымен мұқтаж жанға көмек көрсеткендері үшін, өмірге жаңа Адам әкелуге көмектескен Б.Е.Өтенова, Ж.М.Нұржұманова, Ш.А.Доскеева адамгершілік қасиетті жоғары қойып, үлкен ерлік іс жасады.

«Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте» деп Ахмет Иүгінеки айтқандай, адами қасиеттердің ақ туын ұстаған асыл жандардан үлгі алып, ісінен өнеге көрсек дейміз.