Атырау мұнай және газ университетінде өткен ашық есік күні

16 наурызда Атырау мұнай және газ университетінің Студенттер сарайында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Ашық есік күні» өтті. Шараға қала мектептерінің оқушылары, ата-аналар мен мұғалімдер қатысты. Шара мақсаты – мектеп бітіруші түлектерді оқу орнының мамандықтарымен және студенттер өмірімен кеңінен таныстыру.

«Ашық есік күнін» стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректор Е.Т. Нұрпейісов ашып, университет тарихына тоқталды. Өз кезегінде оқу орнының көшбасшылары АтМГУ-нің қабырғасындағы студенттік өмірлерінің жан-жақты және қызықты өтіп жатқандарын айтып, мектеп түлектерін өз қатарларына қосылуға шақырды.

Шара барысында Атырау мұнай және газ университетінде қала оқушылары арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі математикалық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды.

3-орынға ие болған Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушысы Асылбекова Ақсана дипломмен және бүкіл оқу кезеңіне Атырау мұнай және газ университетінде білім алуға 15 пайыз жеңілдік сертификатымен марапатталды.

2-орынға ие болған № 16 Қаражігітов атындағы орта мектеп оқушысы Қалиев Бек дипломмен және бүкіл оқу кезеңіне Атырау мұнай және газ университетінде білім алуға 30 пайыз жеңілдік сертификатымен марапатталды.

1-орынды Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушысы Жақсылықов Рафхат жеңіп алды. Р. Жақсылықовқа диплом және бүкіл оқу кезеңіне университет грантының сертификаты тапсырылды.

Сонымен қатар, оқушыларды математикалық олимпиадаға дайындаған пән мұғалімдері дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.

Мектеп бітіруші түлектер үшін АтМГУ мамандықтарының кәсіби бағдар беру жұмыстарына арналған көрме ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына ЖОО-ның мамандықтары, оқуға түсу және білім алу талаптары туралы толық ақпараттар беріліп, оларды толғандырған сұрақтарға факультет декандары мен кафедра меңгерушілері нақты жауап берді. Шара соңында оқушылар оқу орнының зертханаларымен және кампустарымен танысты.