І курс студенттерімен кездесу

2019 жылдың 13 қыркүйек күні Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Студенттер сарайында «Экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар» факультетіне қабылданған университеттің 1-курс студенттері және олардың ата-аналарымен кездесу өтті. Кездесу барысында факультет деканы А.А.Жалғасбаева қатысушыларды университеттегі оқу-тәрбие, сондай-ақ ғылыми ізденіс жұмыстарына жауап беретін факультеттің жауапты тұлғаларымен таныстырды. Сонымен бірге университеттегі модульдік жүйе туралы кеңінен ақпарат бере отырып, ата-аналардың өз балаларының білімін «UNIVER» бағдарламалық-аппаратты порталы арқылы қадағалау мүмкіндігін айтып берді. Университеттегі эдвайзер, куратор, студенттік топтардың старостасының, студенттердің атқаратын міндеттері мен жауапкершіліктерін де атап өтті. Сондай-ақ кездесуге қатысып отырған барлық студенттер мен олардың ата-аналарын оқу жоспарымен, сабақ өту кезеңдері, емтихан тапсыру уақыттарымен, баға және балл алу түрлерімен, оның шарттарымен таныстырып өтті. Сонымен қатар кездесу кезінде басқа оқу орнына ауысу, оған қажетті балл көлемі, сондай-ақ оның ережелерін де түсіндірді.

Сөз соңында факультет деканы университет тарапынан студенттерге сапалы білім беруді толықтай қамтамасыз ететіндігін мәлімдеді және болашақта қазіргі жас студенттен білімді, білгір тұлға қалыптасып шығатынына сенім білдірді. Сол арқылы студентті де, ата-ананы да бірігіп жұмыстануға шақырды.