ХХІ Бас Ассамблеяның екінші пленарлық отырысы көтерген мәселелер

26-қыркүйек күні Атырау мұнай және газ университетінде Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері Ассоциациясының ХХІ Бас Ассамблеясы өзінің екінші пленарлық мәжілісін өткізді. Пленарлық мәжілісте Ассамблеяға қатысушы тараптар Ассоциация аясында 2018-2019 жылдарға арналған жұмыс жоспарындағы ғылым, білім беру және мәдени жобаларын талқылап, еркін пікір алмасты. Ассоциация құрамына енген мемлекеттік университеттерімен Атырау мұнай және газ университеті арасында екі жақты келісім шарттарына қол қойылды, ол келісім шарттар негізінен қос диплом беру, студенттермен алмасу, ғылыми жұмыстарды орындауда екі жақты ынтымақтастықты жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, т.б.

Жиын барысында 2019 жылдың қазан айында кезекті Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері Ассоциациясының ХХІІ Бас Ассамблеясын Гилян университеті (Иран Ислам Республикасы, Решт қ.) базасында өткізу туралы шешім қабылданды. Ассамблея Каспий аймағында бірыңғай білім беру кеңістігін құру мақсатында академиялық интеграцияның ең жоғары түрі ретінде Ассоциацияның жоғары оқу орындары арасында қос диплом беру бағдарламаларын құру үдерісін күшейтуге басты назар аударды. Ассамблея жұмысына қатысқан тараптардың өкілдері ынтымақтастықтың виртуальды нысандарын енгізу үшін осы мақсатта өздерінің жоғары оқу орындарында білім беру, ғылым, мәдениет, сондай-ақ толеранттылық пен мультикультурализм туралы онлайн-дәрістерді өткізу бастамасын қолға алу қажеттігін атап өтті. ХХІ Бас Ассамблеяның 2-ші пленарлық отырысында 2018-2019 жылды ҒЫЛЫМ жылы деп жариялады және Ассоциация жанындағы жастардың ғылыми зерттеу кеңсесін құру үшін дайындық жұмыстарын жүргізу, оның Ережесі мен өзара әрекеттесу механизмін әзірлеу тапсырылды. Атырау мұнай және газ университетіне Ассоциация мүшелерімен келісілгеннен кейін Ассоциацияның XXII Бас Ассамблеясының таныстырылымы үшін зерттеу бағдарламасын құру тапсырылды.

Сонымен бірге биыл Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері Ассоциациясының құрамы кеңейіп, қатарына жаңа мүшелерді қабылдады.

Келелі кеңес құрған жиында ұйымдардың халықаралық, ғылыми және білім беру қызметін дамытуға, ақпараттық қолдау көрсетуге және студенттердің, магистранттар мен ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің академиялық ұтқырлық бағдарламасын қамтамасыз етуге бағытталған тараптардың өзара іс-қимылының жалпы қағидаттары мен нормалары айқындалды.