Келісім мен бірлікке бастар жол

2019 жылы 13 наурыз күні №17 мектеп-лицейінде Атырау мұнай және газ университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы және аталған мектеп-лицейі арасындағы ынтымақтастықтың аясында ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне арналған дәстүрлі зияткерлік викторина өтті. Бұл викторина Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан халқын құрайтын этностардың, жалпы қазақстандықтардың мәдениетіне арналды. Бұл кездесудің мақсаты – оқушылардың ҚХА-ның, соның ішінде Атырау облысындағы ҚХА-ның қызметі туралы түсініктерін кеңейту, толеранттылықты, өзара сыйластықты, Қазақстанның этностық мәдениеттерін жеткізушілерге деген ықыласты дамытуға ықпал ету. 

АтМГУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Л.К.Садыкова және АтМГУ Көшбасшылық орталығының жетекшісі А.Х.Имандосовтың ұйымдастыруымен өткен кездесуге этно-мәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері: З.Г.Бобохидзе («Иверия» грузин ЭМБ), В.Н.Завёрткин (Орыс, славьян және қазақ бірлестіктерінің Ассоциациясы), А.А.Короблёв, С.Е.Кондрашенко, А.В.Воронцова («Былина» орыс ЭМБ), О.И.Шмаль («Видергебурт» неміс ЭМБ), З.Н.Романова («Довира» украин ЭМБ), С.А.Хан («Тхоньиль-Атырау» кәріс ЭМБ), С.С.Ажимкулова, И.Х.Подрядчикова («Татулык» татар-башқұрт ЭМБ) келіп қатысты. Келген қонақтар оқушыларға сыйлықтар беріп, үздік ойыншыларды бағалы кітаптармен марапаттады.

Ал шара кезінде ойынға қатысқан «Шаңырақ» және «Титан» командаларының жаңартылған құрамы өткен жылмен салыстырғанда жеңіс үшін күресте басымдылық танытты. Шарт бойынша, брейн-ринг түріндегі ойын сұрақтардың үш блогынан тұрды. Мұғалімдер болса балалардың жарысқа тыңғылықты дайындалып, бір-бірінің білімін үнемі тексеріп отыруларының нәтижесінде тапсырмаларды жақсы орындағандығын айтты. Аталған кездесу Көрісу және Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған жастардың білімі мен күш-қуатын көрсететін қызықты шара болды. Қатысушы қонақтар да өз кезегінде риза болып, осындай шаралардың одан әрі жалғасын табуына сәттілік тіледі.

Викториналық сұрақтар ойынында «Шаңырақ» тобы жеңіске жетіп, Д.Нетекова топтың үздік капитаны атанса, Д.Гегамян, Н.Солодовников және С.Сейтаминова «Үздік ойыншы» сертификатының иегерлері болды.