Ғалым, ұстаз, танымал тұлға Т.П. Серіковтың мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

Атырау мұнай және газ университетінде 2018 жылдың 23 ақпанында х.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының және РФ Халықаралық инженерлік академияның академигі Төлеуіш Пәуеденұлы Серіковтың 70-жылдығына арналған «Мұнай-газ саласына мамандарды даярлаудың заманауи тенденциялары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қазақстанның және жақын шетелден қонақтар мен АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, студенттері қатысты. Конференция аясында университет базасында 4 секция жұмыс істеді: «Білім, ғылым және өндірісті біріктіру болашағы», «Заманауи жағдайда инженер кадрларын дайындаудың ерекшелігі», «Қазақстан Республикасының заманауи экономикасын индустрияландыру, кластерлеу және цифрландыру», «Жоғары оқу орындарында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және әлеуметтендіру».

«АтМГУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, конференция модераторы Ұ.С. Қарабалин өз сөзінде, конференция тақырыбының өзектілігін, Төлеуіш Пәуеденұлы еліміздің мұнай-газ саласының қарқынды дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға екендігін атап көрсетті. Атырау облысының әкімі Н.А. Ноғаев: Атырау мұнай және газ университеті – ең ірі мамандандырылған университеттердің бірі. Атырау мұнай және газ университетінің негізін қалаушы және алғашқы ректоры Төлеуіш Пәуеденұлы 30 жыл бойы осы жоғары оқу орнын дамыту мен өркендету жолында аянбай еңбек етіп, материалдық-техникалық базасын құрды, – деп, ҚР Мәжілісінің депутаты, ҚР «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Б.С. Ізмұхамедовтың құттықтау адресатын оқыды.

Конференция барысында Т.П. Серіковке Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының профессоры атағы беріліп, дипломы тапсырылды.

Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы президиумының мүшесі, х.ғ.д., профессор Р.Ғ. Сармурзина: Т. Пәуеденұлы елге адал қызмет етудің үлгісі болып табылады. Сіздің еңбекқорлығыңыз бен өмірге құштарлығыңызға таң қалуға болады, – деді. «АтМГУ» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор А.А. Абишев: Төлеуіш Пәуеденұлы жоғары оқу орнының қалыптасуына үлкен үлес қосты, қазіргі уақытта университет мұнай-газ саласының мамандарын даярлаудың шеберханасы болып табылады. Сіздің мұнай саласына, оқу орнына сіңірген еңбегіңізді жұршылық біледі және жоғары бағалайды, – деп өз сөзін қорытындылады.

Өз кезегінде сөз алған оқу орнының басшылары, ғалымдар, ардагерлер, өндіріс, қоғамдық бірлестіктің өкілдері мерейтой иегерінің ұлағатты ұстаз, рухани дүниесі бай және сыйлы әріптес, мыңдаған шәкірттер дайындаған кәсіби маман, үлкен ұжымды бір бағытта ұйыстыра білген әділ басшы ретінде танимыз және мақтан етеміз, – деп, құттықтау тілектерін жеткізді.