Кәсіби біліктілікті арттыру – білім экономикасына көшуді қамту

Бүгін 9-шы қыркүйек күні «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ-ң кітапхана залында оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамына арналған «Жоғары білім беруде қашықтан оқыту технологиясы» тақырыбындағы семинар өз жұмысын бастады. Семинар жұмысы негізінен үш күнге жоспарланған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Елбасы бастаған мемлекеттік  бағдарламаларды ары қарай жүзеге асыруды тапсырған еді. Естеріңізде болса, елімізде уақыттың сын-қатерлеріне жауап ретінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Оның негізгі мақсаттарының бірі – адами капиталды дамыту.

Сонымен бірге Қ.К.Тоқаев өзінің Жолдауында «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» тарауында білім сапасын жақсартуды ұсынған еді. Білім алушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуді тапсырды.

Жоғары білім беруде қашықтықтан оқыту қазіргі уақытта ерекше әлеуметтік маңызға ие. Елімізде жоғары оқу орындары негізінен ірі қалаларда шоғырланған, ал халықтың басым бөлігі облыс және аудан орталықтарынан алыс елді-мекендерде тұрады. Сондықтан білім алушылардың білімге қол жеткізу тапшылығын азайту, жастарға тұратын жеріне қарамастан толыққанды жоғары кәсіби білім алу үшін бар мүмкіндіктер жасалуда.  Қашықтан оқыту технологиясы арқылы білім алушылардың да саны жыл сайын артып келеді. Ал оларға қажетті жоғары сапалы білім беретін профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін жетілдіру – университеттің басты міндеттерінің бірі.

Міне осы міндеттерді орындау және ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ-ы «Жоғары білім беруде қашықтан оқыту технологиясы» тақырыбында профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін арттыру семинарын ұйымдастырды. Аталған семинар негізінен қашықтықтан оқыту саласында нормативтік-құқықтық актілерді қолдануды, қашықтықтан оқыту саласында терминологияны дұрыс қолдануды, авторлық курстардың әр түрлі элементтерін әзірлеу үшін қашықтықтан оқыту жүйесін пайдалануды, студенттерге онлайн және офлайн кеңес беру және әріптестермен кәсіби қарым-қатынас жасау үшін форумдар, блогтар, порталдар, wiki және т. б. пайдалануды үйретеді.