Ғибратқа толы ғұмыр

2019 жылы 21 ақпан күні С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде академик Төлеуіш Пауеденұлы Серіковті еске алуға арналған «Ғибратты ғұмыр» атты шара өтті (ұйымдастырушылар: АтМГУ кітапхана қызметкерлері). Аталған шараның мақсаты – АтМГУ студенттерін университетіміздің ардагер ұстазы, ғалым, х.ғ.д., профессор, академик Т.П.Серіковтің өмірі және шығармашылық жолымен таныстыру, оның өмірін көпке үлгі қылу және жақсы естеліктерімен бөлісу.

Шара барысында С.Өтебаев атындағы АтМГУ-ң профессорлық-оқытушылық құрамы ұлағатты ұстаз, Қазақстанға, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерге танымал ғалым, мұнай-газ саласындағы жоғары мектеп ұйымдастырушысы, еліміздің белгілі қоғам қайраткері, бірінші сайланған ҚР Парламенті сенатының депутаты, ҚР ұлттық инженерлік академиясының, халықаралық инженерлік академиясының академигі Т.Серіков туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Оның әріптес, ұстаз, ғалым, қайраткер ретінде университет пен облыстың дамуына қосқан үлесінің зор екендігін айтып, қандай жағдай болмасын, үлкенге де, кішіге де бірдей қамқорлық танытып жүруін, жас мамандарға қолынан келгенше аянбай көмектесетінін айтып, оның қашан да көпке үлгі болатындығын және жүректе мәңгі сақталатынын жеткізді. Сағынған жүректердегі тебіреніспен айтылған тамаша естеліктерден өмірі ғибратқа, еңбек жолы өнегеге толы, есімі асқақтаған тұлғаның құрметке лайық келбетін көреміз.

Сондай-ақ шараға Төлеуіш Серіковтің бірге туған бауыры Амантай Серіков қатысып, ағасы туралы өшпес естеліктерімен бөліскен інісі оның бауырларының ішіндегі жарық жұлдызы болғандығын қимастықпен еске алды.