Өнегеге толы өмір

19 қазан күні Атырау мұнай және газ университетінің кітапханасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Атырау облысы мен Атырау қаласының Құрметті азаматы, профессор Мұфтах Диарұлымен Атырау аграрлы-техникалық және С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледж студенттерінің кездесуі өтті. 
Кездесуде студенттерге тағылымы мол ғалым-академиктің өмір жолы жайында бейнебаян көрсетілді. Ғалымның еңбектеріне арналған бұрыш жасақталынып, ғылыми қызметі туралы кеңінен мәлімет берілді. Мұфтах Диарұлы өз өмірі жайында ой өрбітіп, келешекте білім мен ғылымды азық етсін деген мақсатта студент жастарға аталық ақылын арнады. Алтын уақытты босқа өткізбей, кітап, газет-журналдарды көп оқуды, соның ішінде кітап нағыз рухани байлықтың көзі екенін ерекше атап өтті. 
Сөз барысында академик кейбір адамдардың уақыт жетпейді деген сөзіне қарсы уәжін білдірді. Әр бір адам баласы тәулігіне берген 24 сағатты дұрыс, өз орнымен пайдалану қажеттігін түсіндірді және бүгінгі бітетін істі ертеңге ысырмай, уақытты бағалай білу керектігін ұғындырды. Адам дүниеге келген соң ең алдымен ел алдындағы парызын, ата-ана алдындағы борышын, ұрпақ алдындағы міндетін нақты белгілеп, соны орындауды өзіне парыз санауды тапсырды.
Сонымен қатар кездесу барысында студенттер ғалымның қазіргі айналысып жатқан ғылыми бағыттары, қазіргі Атырау өңірінің экологиялық мәселелері турасында сұрақтар қойып, академик-ғалым тарапынан нақты жауаптарға қанық болды.
Кездесуге қатысқан қалалық №1 орталық Кітапхана директорының орынбасары Қарлығаш Сиражқызы академик-ғалымды мерейлі 85 жасымен құттықтап, ғалымның облысымызда, Республикада алатын ерекше орны туралы мақтанышпен айтты және кітапхана атынан естелік сыйлығын табыстады.
Кеш соңында студенттер Мұфтах Диарұлының еңбектерімен танысып, естелік суреттерге түсті.