Мамандыққа бастар жол

Елімізде дуалды білім беру жүйесі ең алғаш «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ-нда қолға алынып, алғашқы жылы 4 мамандық бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ-мен бірлесіп  жүзеге  асырылды. Қазіргі таңда дуалды білім беру факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент Жомарт Қайыржанұлының іскерлік шеберлігінің  арқасында өңірдегі ірі-ірі мұнай-газ саласындағы компания басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, 8 мамандық бойынша дуалды білім беру өз жалғасын табуда. Атап айтқанда бұл күндері «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС университеттің 20 студентін («Технологиялық машиналар және жабдықтар», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша) дуалды білім беру бағдарламасы бойынша қабылдады.

Дуалды білім беру қазіргі таңда жоғары оқу орны студенттерінің  болашақта бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне көп септігін тигізуде. Алдымен студенттер оқу орнында белгілі критерийлерге байланысты таңдап алынып, «АМӨЗ» ЖШС  пікірлесуден өтіп, арнайы мамандандырылған киімдерін алды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 23 қыркүйек күні арнайы салтанатты шара ұйымдастырылып, оқу орны мен компания басшыларының екі жақты меморандумына қол қойылды.

Атап өту керек, зауытқа барған кезде өңірдегі оқу орындарының басшылары мен мұғалімдерінен құрылған топты «АМӨЗ» ЖШС қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырған кезде Атырау мұнай және газ университетінің бір топ түлегі қазіргі уақытта зауытта белгілі бір деңгейде жауапты қызметкер болып жүргені жүреккке қуаныш сыйлады. Мысалы алғаш зауытқа кірген кезде Хакимов Наиль зауыттың қазіргі тынысымен қонақтарды таныстырып, түрлі сұрақтарға жоғары білімді, мықты тәжірибелі маман ретінде толыққанды жауап берді. Зауыттың бір ерекшелігі, кадрлардың біліктілігін үнемі жетілдіру де жоғарыға қойылған. Бұл жерде де Атырау мұнай және газ университетінің 2014 жылғы түлегі Исқапов Орынбасар мамандарды қайта даярлау дәрісін жүргізіп жатқан уақытқа сай келді. Университет ұстаздары өздерінен білім алған түлектердің қазіргі таңда ірі-ірі өндіріс орындарында жауапты қызметті абыроймен атқарып отырғанын мақтан тұттық. Зауыт ішіндегі 1 сағатқа созылған танысу саяхатынан кейін зауыттың үлкен акт залына жиналып, зауыттың бас директоры Шухрат Абдурашитұлы дуалды білім беру факультеті студенттеріне сәттілік тілеп, арнайы маман киімдерін өз қолымен әр студентке жеке-жеке табыстады. Жиында сөз алған «С.Өтебаев атындағы АтМГУ» КеАҚ-ң стратегиялық даму және көшбасшы жөніндегі проректоры, т.ғ.к., профессор Ербол Темірғалиұлы Нұрпеисов алдымен АМӨЗ басшылығына университеттің ұжымы атынан зор ықыласын білдірді, екі жақты бірлесіп жүргізілетін жұмыстарға сәттілік тіледі, оқу орны студенттерінің  тамаша мүмкіндікті толық пайдалануына кеңес берді. 

Сол жиын барысында студенттерді өздерінің жеке тәлімгерлерімен де таныстырды. Студенттерге бөлінген зауыттың тәжірибелі қызметкерлерінің ішінде де біздің универдің түлектері екенін ерекше атап өту керек.

Ғұлама Әл-Фараби айтқандай; «Ісім оңсын десеңіз,сол істің маманы болыңыз!»- дегендей, студенттер де өздері таңдаған мамандықтың қыр-сырын меңгеруге дайын екендігін білдірді және «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Шухрат Абдурашитұлы бастаған ұжым мүшелеріне өздерінің алғыстарын жеткізді.