Атырау мұнай және газ университетінде өткен ауқымды форум

2018 жылдың 26 ақпанында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Атырау мұнай және газ универсиетінің Студенттер сарайында «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін жүзеге асыру және Мемлекеттік көрсетілген қызметтерді электронды түрде алудың маңыздылығы» атты ауқымды форум өтті.

Аталған форумға Департамент басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес Төрағасы Т.Жұмағұлов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Т.Нұржанов, Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы А.Абдрахманова, бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері мен АтМГУ-нің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттері қатысты.

Форумның басты мақсаты – мемлекеттік көрсетілген қызметтерді «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алу деңгейін арттыру болып табылады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер адам баласының дүниеге келгенін тіркеуден бастап, жеке куәлік беру, некеге тұруын тіркеу, мектепке дейінгі ұйымдарға балаларын кезекке қою, тіпті дүниеден озғанын тіркеуге дейін, яғни адамзат өмірінің барлық саласы мен кезеңдерін қамтиды. Халық күнделікті өмірде мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен жиі кездеседі. Форумға қатысушыларға электрондық үкімет веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметті алудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.

Осыған орай, Мемлекеттік корпорацияның «Мобильдік тобы» (мемлекеттік қызметтер көрсететін) университет қызметкерлері мен студенттеріне ЭЦҚ беріп, қолдану тәсілін үйретті. Форум барысында Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын насихаттауға бағытталған бейне ролик көрсетілді. Оқытушылар мен студенттер жоғарыда аталған қызметтерге байланысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді.