«Саналы ұрпақ» аймақтық жобалық кеңсесінің ашылуы

23 қараша күні Атырау мұнай және газ университетінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаменті мен Атырау мұнай және газ университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Саналы ұрпақ» өңірлік жобалық кеңсесінің салтанатты ашылуы өтті. Атаулы шараға Департамент басшылығы, облыстық басқарма басшылары, жоғары оқу орындары мен колледж басшылары, Атырау мұнай және газ университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері, сондай-ақ Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова қатысты.

«Саналы ұрпақ» жобасының мақсаты – білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықты жалпыға ортақ қабылдамау ортасын қалыптастыру.

Шара АтМГУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, т.ғ.к., профессор Ә.О.Көшековтің алғы сөзімен басталды. Әлібек Оңайбайұлы аты аталған жобалық кеңсесінің университетімізде ашылуын үлкен жауапкершілік пен бізге артылған сенім екенін айтып өтті. Сондықтан осы уақыттан бастап аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында барлық қатысушыларды бірге атсалысуға шақырды және жобаның жұмысына сәттілік тіледі. Келесі сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Сайлауова Нұрсәуле Сайлауқызы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Жұмағұлов Тоқтамыс Қадошұлы сөз алып, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің ашылуымен құттықтап, халықтың игілігі үшін жұмыс жасауына ізгі тілектерін білдірді.

«Саналы ұрпақ» аймақтық жобалық кеңсесінің салтанатты лента қию рәсімі өтіп, АтМГУ стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Ербол Темірғалиұлы Нұрпейісов қонақтар мен қатысушыларды жоба аясында атқарылатын жұмыстармен және міндеттерімен таныстырды.