Армысың, әз-Наурыз!

Атырау мұнай және газ университеті облыстық көлемде ұйымдастырылған Наурыз мейрамын көпшілікпен бірге тойлады. Айтулы шара облыстық әкімшілік ғимараты алдындағы «Сұлтан Бейбарыс» ескерткіші жанында өтті. Наурыз мейрамын қарсы алу шарасы университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, студент жастардың бір кісідей ат салысуымен жоғары деңгейде өтті. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бағыттарды өзек етіп Ұлы дала дәстүрін, ұлттық рухымызды жұртшылық назарына паш етуді мақсат еткен өнерлі оқытушылар мен студенттер «Құдайы қонақ», «Сырға салу», «Келін түсіру», «Тұсау кесу» дәстүрлері мен «Асық ату» сияқты қазақтың ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Ұлттық нақышта тігілген киіз үй халқымыздың ұлттық бұйымдары және киімдерімен безендірілді. АтМГУ ұжымы мен барша қонақтар Наурыз көжеден дәм татты. Қонақтар мен оқытушыларға, студенттерге арнайы жайылған ақ дастархан басында ұлттық әндер шырқалды. Әуезді ән, мың бұрала биленген би мен күмбірлеген күй келген жұрттың көңілін көкжиекке көтеріп тастады.