Мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру жұмысы

2019 жылы 8 ақпан күні Атырау мұнай және газ университетіндегі "Саналы ұрпақ" аудиториясында Атырау қаласындағы №24 орта мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыс барысында мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдауда қателеспей, дұрыс таңдауға септігін тигізу мақсатында қазақстандағы жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасындағы ерекшеліктері, ондағы оқытылатын мамандық түрлері, сондай-ақ қазіргі уақытқа дейін жеткен жетістіктері туралы кең көлемде мәлімет беріліп, бітіруші түлектер қажетті ақпараттармен қамтылды.
Сонымен бірге Кәсіптік бағдар беру жұмысы және жұмысқа орналастыру басқармасының мамандары келген мектеп түлектерін Атырау мұнай және газ университетінің ерекшеліктерімен таныстырды. Атап айтқанда, АтМГУ-ң Республика бойынша бірінші болып Дуалды білім беру жүйесін енгізгендігін айтып өтті және бұл жүйенің қазіргі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерімен таныстырды. Дуалды оқыту жүйесінің өзіне тән ерекшеліктері бар: біріншіден, студент оқудан қол үзбей жүріп, өз мамандығы бойынша өңіріміздегі мұнай-газ мекемелерінде жұмыс жасайды. Екіншіден, ол студентке қатардағы маман ретінде жалақы төленеді. Үшіншіден, оқуын аяқтағаннан соң дипломмен бірге еңбек кітапшасын қатар алып шығады. Сондай-ақ осындай артықшылықтары бар жаңа жүйемен бірге оқу орнында 2015 жылдан бері академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатыр. Қазіргі уақытта университет алыс-жақын шет елдердің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Университеттегі "Саналы ұрпақ" аудиториясы ашылып, ел болашағы жастардың саналы, білімді де білікті және адал жолды таңдау бағытында атқарылып отырған университеттегі жұмыстарға да тоқталды. Университеттің осындай жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы мәліметтер қатысушыларға өте жақсы әсер қалдырды, сондай-ақ мектеп бітіруші түлектер пайдалы ақпараттарға қанық болды.