Терең бұрғылау мәселесін зерделеген геологиялық семинар

«Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ-да Каспий маңы ойпатында өте терең ұңғымаларды салудыі іргелі және технологиялық мәселелері» атты терең бұрғылау мәселесін тереңірек зерттеу бойынша семинар өтті. Семинарға университеттің ПОҚ мен жоғары курстың студенттері, КҒЗИ өкілдері қатысты.Семинар аясында «ҚазГБЗҒИ» ЖШС директоры Ахан Серікұлы Сарбаев «Шөгінді қабаттағы 15000 м тереңдіктегі құбырлар бағандарын таңдау мен есептеуде күтілетін түзетулер» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. А.С.Сарбаев өз баяндамасында ұңғымаларды цементтеу, ұңғыманы пайдалану, оған кететін энергетика шығындары, т.б. сұрақтар туралы баяндады. Семинарға қатысушылар баяндамашыға тақырыпқа орай жобаның жүзеге асыру мерзімі, кететін шығындар, электр энергиясының шығындары, т.с.с. сұрақтарына жауап алды.

Екінші болып АтМГУ-ң «Геология және пайдалы қазба кенорындарын барлау» мамандығының 3 курс студенті Қанаев Абылайдың «Геология саласындағы жаңа технологиялар» тақырыбында дайындаған баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы ең алдымен Астана қаласында өткен 2-ші халықаралық геологиялық форумнан алған әсерімен бөлісті. Тыңдаушыларға қазіргі геология саласындағы заманауи технологиялық жабдықтар туралы әңгімелеп берді. Студент семинар тыңдаушылары тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.

Сонымен бірге семинарда «Терең ұңғыманың жоғары термобариялық жағдайында тау жыныстары мен орта мінезінің технологиялық салдары» тақырыбында «АтМГУ» КеАҚ КЗИ бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Рифкат Галиевич Ахмадиев баяндамасы тыңдалды. Р.Г. Ахмадиев алдыңғы екі баяндамашының пікірлеріне, келтірген дәйектемелеріне тоқталып, қазіргі бұрғылау кезіндегі сұрақтарға тоқталды.

Семинар жұмысында тыңдаушыларды «KAZENERGY» ғылыми-техникалық кеңестің және геологиялық форум жұмысының нәтижесімен «АтМГУ» КеАҚ КЗИ-ң геология, геохимия және геофизика ғылыми орталығының жетекшісі, г.-м.ғ.к., Қ.М.Тасқынбаев таныстырды.

Семинар жұмысын «KAZENERGY Ассоциациясының төрағасы, «АтМГУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, техника ғылымдарының докторы Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалин қорытындылады.