Г.С. Карелиннің тарихтағы ізі

 25 қаңтарда Атырау мұнай және газ университетінің конференция залында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Былина» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Г.С. Карелиннің тарихтағы ізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттері, Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің өкілдері қатысқан шараны «Былина» этномәдени  бірлестігінің төрағасы А.А. Кораблев жүргізді. Аталған шараның мақсаты – Бөкей ордасының тұңғыш топографиялық картасын жасаған орыс ғалымы, саяхатшысы Г.С. Карелиннің еңбек жолымен таныстыру, жастардың білім көкжиегін кеңейту.  

 Орал қалалық «Еуразиялық ғалымдар одағының» қоғамдық қорының директоры, ф.ғ.д., А.В. Голубев «Исследователи Приуралья» тақырыбындағы баяндамасында Г.С. Карелиннің өмірбаяны мен еңбек жолына кеңінен тоқталды. Карелин осы өңірдегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жаңа түрлерін зерттеп, 1127 түрден тұратын 38 мың дана ботаникалық коллекция жасады. Карелин өмірінің соңғы 20 жылында (1849-1872) Гурьевте (қазіргі Атырау қаласы) тұрып, жаратылыстану, география саласында, сондай-ақ тарихи материалдар жинаумен шұғылданды. Өкінішке орай, Карелиннің қазақ жерінің табиғаты жайында жинаған бай ғылыми материалдары (11 томнан тұратын) Гурьевте өртеніп кетеді. Тек шағын бөлігі ғана 1883 жылы Орыс география қоғамының жазбаларында жарияланды. Карелиннің ұзақ жылдар бойғы еңбегінің нәтижесін көрсететін кейбір ботаникалық, зоологиялық қыруар коллекциялары Санкт-Петербург, Мәскеу мұражайларына табыс етілді, – деді баяндамашы. АтМГУ-нің 3 курс студенті Юсупов Қуаныш «Туған жер», «Рухани Жаңғыру» ұғымдары әрбір қазақстандықтың өміріне саналы түрде енуі керек және Григорий Карелиннің өмірі жастарға үлгі болады, - деп қорытындылады. Атырау қаласындағы Орыс халық театрының актері Н.А. Желдыбакова «Александр Блок – знаменитый правнук Г.С. Карелина» атты баяндамасында орыс әдебиетінің күміс ғасырының көрнекті өкілдерінің бірі А. Блоктың шығармашылығынан үзінді оқу арқылы Г. Карелинге туыстық қатысын қызықты және әдемі жеткізе білді. АтМГУ профессоры, облысқа белгілі өлкетанушы В.К. Афанасьев шараға қатысушыларға Гурьев қаласының Карелин сызған картасының көшірмесімен таныстырып, жастарды ғалымның еңбектерімен танысуға, еліміздің тарихын тереңірек зерделеуге шақырды. АтМГУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі  Л.С. Садыкова тарихи тақырыптағы шаралар өзіңді жан-жақты жетілдіруге, адами капиталдың дамуына септігін тигізеді, - деді. Дөңгелек үстелдің қонақтары мен қатысушылары көптеген ақпараттарға қанығып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

  

  

  

  

  

​  

     

  

    

​