Студент, білім, жұмыс,болашақ

2014 жылы Елбасының тапсырмасымен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы басталған болатын. Осы бағдарлама аясында «Серпін-2050» жобасы жүзеге асырыла бастады.
«Атырау мұнай және газ универсиеті» КеАҚ 2015 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдады, қазіргі таңда олардың саны- 582. Алғашқы серпіндіктер қатарынан биыл 260-ы бакалавр мамандықтарын аяқтайды. Серпін бағдарламасы тек білім берумен шектеліп қана қоймай, сол студенттерді жұмыспен қамтуды да қарастырады. Осындай мақсатпен 26 қыркүйек күні Студенттер сарайында Атырау мұнай және газ университетінің ұйымдастыруымен, Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы және қалалық жұмыспен қамту орталығының бастамасымен және Кәсіптік бағдар беру және еңбекке орналастыру басқармасымен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеге оқу орнының биылғы бітіруші түлектері де қатысты. 
Шараға 24 компания қатысты. Олардың қатарында «Сичим С.п.А. Казахстан», «АтырауНефтемаш», «GRAND Energy Services», «Platinum Universal Company», «Capital Complex Catering», «Саренс Казахстан» және т.б. ірі өндірістік және мұнай мекемелерінің өкілдері болды. Мамандығы бойынша жұмыс іздеушілер қысқа сұхбаттасудан өтіп, түйіндемелерін тапсырды. Нәтижесінде АтМГУ бітіруші түлектері жұмыс берушілердің талаптарына сай келіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жоғары екендігі анықталды. 
Аталмыш шара жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні мерекесіне орай өткізілді.