АтМГУ студенттері халықаралық дәрежедегі сертификатқа ие болды

Елімізде индустрияландыру бағытына сәйкес, кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға соңғы жылдары ерекше ден қойылды. Бұл жүйені жаңғырту ісі осыдан бірнеше жыл бұрын Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған болатын. Елбасы тапсырмасына орай, Қазақстанда кадрларды қайта даярлайтын 4 өңіраралық орталық құру қолға алынды. Атырауда мұнай-газ саласы, Екібастұзда отын-энергетика, Шымкентте өңдеуші өнеркәсіп саласы үшін маман дайындайтын орталықтар бой көтере бастады. Сонымен бірге біргі биылғы 2019 жыл «Жастар жылы» деп белгіленгені баршамызға аян. Ендеше биыл жастарға артылған сенім мен мүмкіндік ұшан-теңіз. Мұндағы жауапкершілік, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін олар барлығына да дайын болу керек. Осы қағидатты ұстанған АтМГУ ұжымы сұранысқа ие мұнай-газ саласының жоғары білікті де білгір мамандық иегерлерін талапқа сай дайындау мақсатында жұмыстануда. Оның бір айғағы университеттің «Теңіз техникасы мен технологиясы» мамандығының 4-5 курс студенттері «Ескерткіш Кызмет Казахстан» (ҮКК) ЖШС білім беру орталығынан іс-тәжірибеден өтті. Бірнеше кезеңге бөлінген уақыт аралығында студенттер университет қабырғасында алған теориялық білімдерін Ақтау халықаралық теңіз портындағы Баутино флотында іс-тәжірибеде сынады. Мұндағы мақсат – теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби білікті маман дайындау.

Тәжірибе базасын ұсынған «Ескерткіш Кызмет Казахстан» (ҮКК) ЖШС-не университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы студенттердің толыққанды тәжірибеден өтуі үшін компания басшылығы тарапынан барлық жағдай жоғары деңгейде жасалғанын ерекше атап өтті және шынайы ризашылығын білдірді. Компания өкілдері қатысқан кездесуде осы аталған мекемеде тәжірибеден өткен студенттер өздерінің теңіз кемесіндегі үйренген білім дағдылары туралы, тәжірибе барысында алған тамаша әсерлерімен бөлісті. Сол тәжірибеден өткен бір топ АтМГУ студенттеріне халықаралық деңгейдегі Украинаның Одесса теңіз тренажерлық орталығының (DNV-GL стандарты бойынша сертификатталған) сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді. «Ескерткіш Кызмет Казахстан» (ҮКК) ЖШС Бас директоры Киор Юрий Васильевич өз сөзінде университет студент жастарының дайындығына жоғары баға беріп, оқу орнымен ары қарай бірлесіп қызмет атқаруға шынайы ықыласын білдірді. Айта кету керек, студенттерге халықаралық дәрежедегі мамандандырылған теңізшілерді даярлау және вахталық әдіспен қызмет ететін халықаралық Конвенция ережелерінің негізіндегі сертификаттар табысталды.