АтМГУ-да тың жоба, жаңа бағдарлама – АOGU студиясы

2018 жылдың 12 қазан күні Атырау мұнай және газ университетінде «АOGU студия» бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өтті. Бағдарламаның, жаңа жобаның алғашқы қонағы, яғни шымылдығын ашқан құрметті қонағы - АтМГУ Басқарма төрағасы - ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жоғары оқу орындары Ассоциациясының бірінші вице-президенті А.А.Абишев. Студент жастармен жақын танысуға мүмкіндік берген еркін форматтағы кеш өте әсерлі өтті. Жүргізуші Руслан Қыздарбаев кешке қатысушы студент жастарды, қонақтарды, кейіпкерді жобаның негізгі мақсатымен және бөлімдерімен таныстырды.
Жоба негізінен АтМГУ студент жастарына арналған және жобаның басты мақсаты:
- Өңірде, университеттегі танымал тұлға, қоғам қайраткері, мықты ғалым және университеттің басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, белсенді студенттермен көрермендерді тікелей бетпе-бет жүздестіру;
- Еркін форматта өтетін кездесуде студент жастардың көкейіндегі түрлі сұрақтарға кейіпкердің өзінен тікелей жауап алу;
- АтМГУ студенттік жатақхана жастарының демалыс кешін мәнді, мағыналы және көңілді өткізу;
- Қонақ қаде тарауында кейіпкерді көрермендерге жаңа бір қырынан таныту;т.б.
Басқарма төрағасы - ректор, э.ғ.д., профессор А.А.Абишев Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырып отырған жаңа, тың жобаға өз алғысын білдірді және алғашқы қонағы болудың өзі үлкен сенім мен жауапкершілік деп қабылдағанын жеткізді.
Студияда жүргізуші мен студент жастардың тарапынан қойылған қызықты, маңызды да мәнді сұрақтарға А.А.Абишев тамаша тапқырлықпен жауап беріп, шынайы көңілден шыққан сөздерімен кештің сәнін келтірді. 
Бағдарламада студент жастардың дайындаған бірнеше қызықты сұрақтарына кейіпкер жауап берген соң, солардың арасынан ұнаған сұрақтың авторына студияның арнайы сыйлығы тапсырылды. «AOGU студия» қонағы А.А.Абишев алғашқы болып сұрақ қойған және кейіпкердің ең бір жүрегіне жақын тақырып – ата-ана туралы әңгіме қозғатқан сұрақты үздік деп танып, студияның арнайы сыйлығын сұрақ авторы - Серік Базарбекке табыстады. 
Сонымен бірге студия қонағы АтМГУ-ң болашағы туралы, студенттік кездегі ең қызықты оқиғалар туралы, интернеттегі әлемді таңқалдырған жаңалықтар туралы (мысалы: Швейцарияда студенттің сабаққа қатысқаны үшін оқытушы студентке біздің теңге көлемінде есептегенде 2000 теңге ақша төлейді екен) өзінің ой-пікірімен бөлісті. 
Жобаның «Қонақ қаде» тарауы бойынша студент жастар мен студия қонақтары А.А.Абишевті мүлде басқа қырынан таныды.Ол тәңір табиғатына тамаша дауыс дарытқан, орындаушылық шебері мықты ӘНШІ ретінде көрсете білді. Тірі, жанды дауыста айтылған әнді аудиториядағы жиналған көрермендер үлкен қошеметпен қабылдады. 
Көрермендер көңілінен шыққан бағдарлама әлі де өз жалғасын табады. Біз бен сіздер әлі талай қызықты, өздеріміз күткен кейіпкерлермен кездескен, есте қаларлық кештер көп болады деп сенеміз.