«Спорт жұлдыздары» республикалық журналының филиалы Атырау қаласында ашылды

2019 жылы 25 қаңтар күні Атырау мұнай және газ университеті базасында Атырау қаласында «Спорт жұлдыздары» республикалық спорт журналы филиалының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шара АтМГУ Басқарма төрағасы – ректор м.а., т.ғ.к., профессор Әлібек Оңайбайұлының алғы сөзімен ашылды.

Шара барысында республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев спорт саласына еңбегі сіңген азаматтарға, соның ішінде АтМГУ Басқарма төрағасы – ректор м.а., профессор Әлібек Көшековке, Мәскеу Халықаралық әлем марафонының бірнеше дүркін қатысушысы, профессор Асқар Қазиевке, сонымен қатар АтМГУ Спорт кешенінің оқытушыларына төсбелгі мен куәлік, сондай-ақ Алғыс хат табыстады. Айта кетелік, екі дүркін әлем чемпионы, Алматы қаласында өткен Республикалық байқау кезінде джиу-джитсу мен греплинг спорт түрінен қатысып, 500 спортшы арасынан «Үздік спортшы – 2018» атағына ие болған Тыныс Бисалиев «Спорт жұлдыздары» журналының Атырау қаласында ашылған филиалының директоры қызметіне тағайындалып, атаулы журналдың бас редакторы Мусағали Тасқалиев шара кезінде өз құттықтауын жеткізіп, ізгі лебіздерін білдірді.

Спорттық шара жиыны марапаттау рәсімінен кейін Атырау облысы Спорт Басқармасы және «Атырау облыстық джиу джитсу федерациясының» ұйымдастыруымен және де Атырау мұнай және газ университетінің қолдауымен джиу джитсудың комбат түрінен Атырау облысының іріктеу чемпионатына жалғасты. Яғни, жеңіс тұғырына көтерілген жас спорт шеберлері Алматы қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алады.