Шет елдерде оқып жүр, талай қазақ баласы

2019 жылдың 26 ақпан күні «С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Ә.О.Көшековтің университеттегі «Планета» халықаралық келіссөздер кабинетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алып келген студенттермен кездесуі өтті. Шара мақсаты - «Жастар жылына» орай Әзірбайжан, Чехия мен Полшаның жетекші оқу орындарында бір семестер бойына білім алып келген студент жастардың пікірлерін, ойларын немесе ұсыныс-пікірлерін тыңдау.

Кездесу барысында алдымен Әлібек Оңайбайұлы өзінің студенттік кездері, алғашқы еңбек жолы туралы айтып, қазіргі уақытқа жастарға үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар мен беріліп отырған мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды. Тек сол мүмкіндіктерді дер мезгілінде пайдалануға кеңес берді.

Ең алдымен адамға білім керек, одан соң тынбай еңбектену, табандылықпен алға ұмтылу арқылы өмірде жетістікке жетуге болатынын, өз алдына қойған мақсаттарын орындай алатынын жеткізді. Студенттерді белсенді болуға және мемлекет пен оқу орны ұсынатын барлық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, студенттердің кез келген уақытта ұсыныстары мен идеяларын тыңдауға, олардың бастамасын қолдауға және іске асыруға көмектесуге дайын екендіктерін айтты.

Өз кезегінде студенттер шет елде болған кездегі қызықты сәттерімен бөлісті.