«Серпіндік» жастармен кездесу

10 сәуір күні Атырау мұнай және газ университетінде «Серпін» АҚ ұлттық жобалар басқармасының басшысы Тобатаева Күлзия Қадырқызы «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында білім алып жатқан студенттермен кездесті. Кездесу басында сөз алған Күлзия Қадырқызы студенттермен «Серпін» жобасына қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісіп, ҚР Білім министрлігінің алдағы жылы жоба бойынша білім гранттарын көбейтетіндігін және бакалавриат аяқтаған студенттерге «Серпін» жобасының магистратураға тегін білім гранттары берілетіндігін айтты. Көшбасшы студент, бас сардар Серік Базарбек студенттердің жаңалықтары мен жетістіктері туралы айтып, университет басшылығына және мемлекеттің жастарға жасап отырған қамқорлығы үшін үлкен алғысын жеткізді. Жиынға қатысушы жастар К.Тобатаеваға «Серпін» әлеуметтік жобасына байланысты және жобадағы соңғы өзгерістерге қатысты сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жастармен арнайы кездесуге келген Күлзия Қадырқызы атыраулық «Серпіндіктерге» ерекше риза екендігін айтып, студенттердің белсенділігі мен білімділігін жоғары бағалады.