Халықаралық компания өкілдерінің шеберлік сағаты

2019 жылдың 20 қыркүйегінде университет студенттеріне арнайы еліміздегі танымал халықаралық Fircroft компаниясының (Фиркрофт) өкілдері, яғни Ақтаев Арман және негізгі спикер – Майкл Вилтонның (бақылау-өлшеу аспаптары бойынша менеджер) қатысуымен шеберлік сағатын ұйымдастырды. Бұл кездесудің мақсаты – біздің ЖОО-ның студенттерін осы компанияның қызметімен таныстыру, сондай-ақ  компания қызметінің түрлі салаларындағы өзекті тақырыптарын талқылау. Кездесуді ұйымдастырушы – жастар ісі жөніндегі комитет  студенттері.

Алдымен Ақтаев Арман мырза студенттерге Fircroft компаниясы қазіргі таңда Қазақстанда жақсы танымал екенін, Атырау мен Теңіз кенішінде ашылған кеңселер мұнай-газ және тау-кен өндіру өнеркәсібінің ірі клиенттері үшін қызметтердің кең спектрін ұсынатынын атап өтті.  

Fircroft түрлі жобаларға қатысу үшін және сұранысты қанағаттандыру үшін қызметкерлерді жинайды, сатып алу және келісім-шарттар, құрылыс және жобалау, техника қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау, қаржы және бухгалтерлік есеп саласында әртүрлі мамандарды іздейді.

Әрі қарай Вилтон мырза студенттерге өзінің тікелей атқаратын жұмысы, негізгі функционалдық міндеттері, компанияның мұнай-газ саласындағы рөлі, жұмысқа орналасу мүмкіндігі және тағы басқалар туралы кеңінен ақпарат берді.

Бұл кездесу өте ашық, еркін форматта өтті. Кездесу барысында біздің көшбасшы студенттеріміз компания қызметі бойынша және мұнай-газ саласындағы жалпы ахуалға қатысты көптеген сұрақтар қойып, оны қонақтармен бірге қызу талқылады.

Соңында Вилтон мырза біздің студенттеріміздің белсенділігін ерекше атап өтіп, оларға жоғары білімді меңгерудегі талпыныстарына сәттілік тіледі  және өмірде нақты мақсаттарға қол жеткізулеріне тілекші екенін жеткізді.