Журналист-блогер Өркен Кенжебекпен кездесу өтті

«Ілгері қарап пікір ет, ізіңе қарап шүкір ет» демекші, жасампаз Қазақстанның өткенінде болашақ үшін басын көтеріп, ұрпағының қайратты да қайсар, білімді де білікті, сырлы да сырбаз азамат болып жетілуі үшін қаншама ата-әжелеріміз өткен болса, бүгінгі күнімізде жастың басын қосып, өмірдің сан түрлі сынақтары мен қиылыстарынан сүрінбей өтуге талпыныс білдіріп, қанатынан демеп жүретін тәриелі, көреген, білімді меңгерген жастарымыз да өте көп. Дәл осындай азаматтардың Атырау өңіріне қонаққа келіп, жастардың басын қосып жүргені қаншама. Бүгін міне 7 қараша күні соның тағы бір дәлелі ретінде Құрманғазы мәдениет сарайында «Өркениет» жобасы аясында көпшілікке танымал журналист, блогер Өркен Кенжебекпен «Жастарға айтылмайтын үш құпия» атты кездесу өтті. Аталған кездесу кезінде журналист ең алдымен өзінің еңбек жолымен таныстырып өтті. Өркен Кенжебектің 2010 жылы «Өркеннің өрнегі» тақырыбында ашылған блогы бүгінгі күні әлі де өз жұмысын тоқтатпай келеді. Яғни бұл аталған блог 10 жылға таман уақыт ішінде өз оқырмандарын тауып, көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырғаны еселі еңбектің жемісі деген ой түйеміз. Небәрі 6 жылдың ішінде 37 елді аралап үлгерген 34 жасар журналист Өркен Кенжебектің кездесу кезінде қатысушыларға айтары көп болды. Жастарға ең алдымен кітап оқуды тапсырды. «Көп адамнан қандай кітап оқуға кеңес бересіз деген сауалдар келеді. Меніңше әр адам біреудің тапсырып айтқан дүниесін емес, өзінің жүрегі қалап тұрған, өзінің өміріне, алдағы болашағына керек болар-ау деген кітапты таңдауы қажет және сол кітаптан өзіне керектіні ғана алу тиіс. Сол кезде ғана ол кітап – сенің өмірлік азығың» деп, жастарға білімді құлшыныспен сіңіруге, еңбекқор болуға шақырды және өз өміріне налып жүре бермей тек алға ұмтылуды кеңес етті.