«БОЛАШАҚТАҒЫ» ӨЗГЕРІСТЕР
Кез келген талапты жастың әлемнің ең үздік жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік бар. Бұл – Елбасы бастамасымен қолға алынған «Болашақ» халықаралық бағдарламасының мақсаты. Еліміздегі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындауға инвестиция салынып отыр. «Ал жұмсалған қаражаттың қайтарымы – елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға бағытталған, жоғары біліктілікпен атқарылған қызмет», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Айнұр Кәрібозова.
Бір өкініштісі, мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлыққа ие болғандардың бәрі бірдей жақсылыққа жақсылықпен жауап беруді «ұмыт қалдырады». Мысалы, Атырау өңірінен «Болашақ» халықаралық стипендиясына ие болған 300-ге жуық жастың жартысы ғана аймаққа қайта оралған. «Бұл – Атырау облысының әлеуетін ескергенде өте төмен көрсеткіш», - деп атап өтті Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерімен және оқытушы-профессорлық құрамымен онлайн-байланыс арқылы бейнеконференция өткізген Айнұр Кәрібозова.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова оқу орнында биыл «Болашақ» халықаралық бағдарламасы түлектерінің форумы өткенін, шара аясында университет пен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» арасында екіжақты келісім-шарт жасалғанын атап өтті. Соның нәтижесінде университетте «Болашақ-Ақпарат» кеңес беру орталығы ашылды. Бағдарлама туралы анық-қанығын білуге ниетті кез келген атыраулық осы жерден мәлімет алуына болады.
Бейнеконференция барысында ҚР Үкіметінің қаулысымен аталған бағдарламаға енгізілген өзгертулер туралы кеңінен мәлімет берілді. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Айнұр Кәрібозованың айтуынша, «Болашақты» тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуге биыл бірқатар өзгеріс енгізілген. Мысалы, квоталық санаттар алынып тасталды. Биылдан бастап конкурсқа ауылдық елдімекендерден келген үміткерлерді қоспағанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады. Конкурстық кезеңдер саны бұрын 6 болса, енді үшеу ғана. Уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңдері, мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталған. Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша енді алдын-ала тілдік оқыту болмайды. Тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер 6 ай ішінде ағылшын тілін ел аумағында оқуына мүмкіндік бар. Жаңа Ережеге сәйкес ауылдық елдімекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы үш жыл ішінде ауылда тұрып, оның екі жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады.
Елбасы бастамасымен қолға алынған әлемде теңдесі жоқ бұл бағдарлама бойынша 26 жылда 10 747 маман дүние жүзінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алған. Ал Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде қазір «Болашақтың» 9 түлегі еңбек етеді.