Әскери антқа деген мықтылық...

23.01.2020ж. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде  «Ерлік елге мұра, ұрпаққа үлгі» тақырыбында Атыраудың (Аққыстау ауылында дүниеге келген) тумасы, Оңтүстік Осетия мен Грузия арасындағы әскери қақтығыс кезінде ерлігімен көзге түскен Ибрашев Тасболат Абатұлымен еркін форматтағы кездесу өтті. Шараға АтМГУ-ң профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің бір топ өкілдері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуді ашқан жоғары оқу орнының басқарма төрағасы-ректор Г.Шакуликова бүгінгі кездесудің маңыздылығына тоқтала отырып, батырға Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Кездесуге Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Серік Мұхамбетов қатысып, ақ жарма тілегінен кейін Т.Ибрашевке арнайы Кеңес Одағының екі дүркін батыры Т. Бигелдинов атындағы медаль және Б. Ертаев  қолымен бекітілген куәлігін табыстады.

Қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы А.И.Кулов өзінің жылы лебізін білдіріп,  кейіпкерімізге Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі мен куәлігін табыстады. Кездесуге қатысушылар Ибрашев Тасболаттан танк полкісіне қарсы пулемет кезеніп, 40 минуттай тұрған кезде қандай күйде болғанын сұрағанда, ол: « бірінші әскери  міндетімді ойладым, содан кейін отбасымды ойладым,»- деп жауап берді. Көп сөзге жоқ, қарапайым, өзін өте салмақты ұстайтын Т.Ибрашев 11 жыл уақыт өткеннен кейін әлем таныған батыр атанған кезінде де сол қадір-қасиетін жоғалтпаған, сол мінезден таймаған, әскери табандылығы мықты адам ретінде таныта білді. Оның фотосуреттегі бейнесіне көпшіліктің назарын аударған Ауған соғысының ардагері Қайролла Көшқалиев Тасболаттың  әскери рухы күшті, өзіне және қолындағы қаруына деген сенімі мықты, өзін-өзі қорғау инстинктісі жоқ, тіпті үстінде бронижилеті жоқ, аяғында нық тұрған келбетінің өзі нағыз батырға тән суреті екенін дәлелдеді. Шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Ибрашев Тасболат өзінің есімінің қойылу тарихына тоқталып, адамның есімі оның болашақ тағдырын анықтайтындығын тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.   

Кездесуге қатысқан АтМГУ түлегі Асылбек Есжанов Ибрашев Тасболаттың ерлігіне арнаған жыр шумағын оқыды.

Қайран біздің қазақтың батырлары,

Ұрандатып өтерміз атыңды әлі.

Зерделесек артында әрбірінің,

Толарсақтан саз кешкен жатыр жолы.

 

'Өзің үшін жан пида елім деген',

Майданда жауды көрсе шегінбеген.

Есімдерің қаншама ұмыт қалған,

Ерліктерің қаншама көрінбеген.

 

Таниды қарап ұлын ел тегіне,

Тасболат сен де келдің елге міне.

Кешегілер бүгінге жеткізгесін,

Бүгінгілер жауапты ертеңіне.

 

Дегенде уақыт басқа, заман бөлек,

Кетпеуі үшін кері заман кенет.

Ұрпағың дұрыс тәлім алсын десең,

Үлгі қып көрсететін адам керек!

 

Еңбекті ету міндет жатпай тыным,

Есіме осы боп тұр сақтайтыным,

Сіз дәлелдеп бердіңіз бір қазақтың,

Қаhарына танк те тоқтайтынын!

Кездесу соңында Ибрашев Тасболат өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын айтып, жас ұрпақтың заманы тыныш болып, ерлік пен батырлықты білім мен ғылым саласында көрсетуіне тілектестігін білдірді.