Атырау халқы ғалым, ұстаз Т.П. Серіковпен қоштасты

2018 жылдың 16 мамырында Атырау қаласының тұрғындары, туыстары мен достары, АтМГУ ұжымы Атырау мұнай және газ институтының (университет) негізін қалаушы және бірінші ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші шақырылымының депутаты Серіков Төлеуіш Пауеденұлын соңғы сапарға шығарып салды.

Қаралы митингте сөйлеген х.ғ.д,. профессор А.Т. Сағынаев, Атырау облысының әкімі Н.А. Ноғаев, «KAZENERGY» қауымдастығының төраға орынбасары, АтМГУ Директорлар кеңесінің төрағасы Ұ.С. Қарабалин, а.-ш.ғ.д., профессор Б.Ж. Таубаев, Төлеуіш Пәуеденұлының замандасы, әріптесі Ұ.Б. Елубаевтар Т.П. Серіковтың еңбегі мен адами қасиеттеріне тоқталды.

Серіковтер әулетіне, тума-туыстарына, Атырауға, қаралы қазаға ортақтастығын жеткізген жан-жақтан көңіл білдіру хаттары келіп түсті. Олар: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Б.С. Ізмұхамбетовтен, мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Қазақстан- америкалық еркін университетінің президенті, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Е.Мамбетқазиевтен, ҚР Парламентінің Сенатының депутаты Б.Жұмағұловтан, академик Н.Надировтан, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтан, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Б.Мамраевтан, АтМГУ Директорлар кеңесінің мүшесі, профессор Р.М. Саттаровадан, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р. Алшановтан, Атырау мұнай және газ университетінің Директорлар кеңесінің мүшесі, «Меридианпетролиум» компаниясының президенті Б.Қуандықовтан, «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Ян Чаннан, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Ә. Әбжаппаровтан, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры А.Наметовтен, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры А. Иманғалиевтан, Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің ректоры А.Н. Неваленныйдан, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры К.А. Бисеновтен келген жеделхаттарда Төлеуіш Пәуеденұлының азаматтық қасиеттеріне тоқтала келе, ағайын-туыстарына, ұжымға орны толмас қайғыға ортақтасып, көңілдерін білдірді.

Ғалым, ұстаз, танымал тұлға Төлеуіш Пәуеденұлының жарқын бейнесі Атырау жұртшылығының және өзі негізін қалаған Атырау мұнай және газ университетінің барша ұжымының, студент жастарының, талмай баулыған түлектерінің есінде мәңгілікке сақталады.