Биыл Ақтаудан Атырауға оқу үшін келгендер көбейген

 АтырауБілімЖаңалықтар 0 846 рет оқылды

Атырау мұнай және газ университетінде жаңа оқу жылының басталуына арналған үлкен шара өтті. Сән мен салтанатқа бөленген білім ошағының алдына жиналған студенттерде есеп жоқ десе де болады. Бұрыннан осында оқып жатқан жастар жағы бір-біріне деген сағыныштарын баса алмай жатса, студенттік өмірді енді ғана бастағалы тұрған өрімдей ұл-қыз бір-бірінен жөн сұрасуға қысылатындай.

Атырау мұнай және газ университетіндегі жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекелік шараны университет ректоры, ҚР жоғары оқу орындарының бірінші вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әли Әбішев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Биыл ғана университет статусын алған жоғары оқу орнының бірінші басшысы жаңа технологиялар ғасырында ел экономикасының дамуы мен гүлденуіне өзіндік үлес қосар көшбасшы мамандар қажеттігін тілге тиек ете келіп, оларды даярлауда аталған білім ошағының орны ерекше екенін баса әңгімеледі. Әсіресе, өзін нағыз маман ретінде жақсы сезініп, белгілі бір еңбек ұжымында еркін жүруі үшін терең білім керек, деді.

Аталған шара аяқталысымен университеттің студенттері өздерінің факультет декандарымен, кафедра меңгерушілерімен, оқытушы-профессорлық құраммен, студенттік топ кураторларымен жақынырақ танысып, жаңа оқу жылының сабақ кестесімен, білім ошағының ішкі тәртіп ережесімен танысты. Өз облысымызды сөз етпегеннің өзінде, мұнайлы Ақтаудан бір топ студент арнайы осы оқу орнына оқуға келіпті. «Біз көрші Ақтау қаласынан келдік, – дейді өзін Алтын деп таныстырған ана бізбен арадағы әңгімеде. – Осынау білім ордасының атына бұрыннан қанық едік, сосын да балаларымыздың осында оқығанын қалап отырмыз. Атырауға алғаш келуіміз. Қала үлкен әрі көрікті екен!»

Лиза СЕЙТІМОВА