Атырау мұнай және газ университетінде Каспий зерттеу институтының ұйымдастыруымен Бизнес – инкубатор «Каспий аңғары» студенттік жобаларының таныстырылымы өтті. Таныстырылымға АтМГУ профессор-оқытушылар құрасмы, студенттер қатысты. Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Али Абишев алғы сөзбен шараны ашып, оның маңыздылығына тоқталып өтті: «Университет – қоғамдық, техникалық, әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша кең көлемде жоғарғы білімді мамандар даярлайтын, көп салалы жоғарғы оқу орны. Университетте оқу-білім мен ғылыми-зерттеу жұмыстары қатар жүргізіледі. Айтып өткендей, білім берумен қатар ғылыммен шұғылдану – қазіргі ЖОО алдына қойылып отырған негізгі міндет. Қазіргі заман талабына сай бірде-бір жоғарғы оқу орны ғылымсыз дами алмайды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүрмесе, ешқандай өндіріс дамымайды. Өндірістің дамуына кадр және жақсы зерттеу жобалары қажет. Осы жолда әлем елдері ғылымының озық тәжірибесінен үйренеріміз аз емес. Мәселен, Америка Құрама Штаттарын алып қарасақ, Нобель сыйлығының иегерлері осы елден шығып жатыр. Оңтүстік Корея әлемді түрлі технологиямен қамтып отыр. Мәселен, «КИА», «Хундай», «Део», «Самсунг». «LG» және тағы басқа жобалары арқылы Оңтүстік Корея тек өздері ғана дамып қоймай, бүкіл әлемге танылып отыр. Бұл осы елдерде ғылымның қарқынды даму жолына түскендігін көрсетеді. Бұның себебі – ғылыми-зерттеу орталықтарының ашылуы. Ғылыммен айналысу – тұрақты зерттеуді, орнықтылықты, ізденуді, нәтижелілікті талап ететін үздіксіз, ұзақ үдеріс. Оқытушының ғылыми жетекшілігімен шәкірт те ғылымға қызығушылық танытып, зерттеу жүргізуге ынта білдіру қажет. Ғылым – табыс көзі. Сондықтан өмір көшінен қалыспау үшін, әлем елдерімен жан-жақты бәсекелес болу үшін, жақсы тұрмысымыз үшін студенттер ғылыммен айналысулары қажет. Қазіргі заманғы ғылым өндіріс пен қызмет көрсету салаларына күрделі техника мен технологияларды енгізу арқылы ғылымды көп қажет ететін мүлде жаңа салалардың дамуына негіз болуда. Сондықтан адамзат баласы ешуақытта ғылымнан қол үзбеуі қажет. Ал жоғарғы оқу орындарының студенттері ғылыммен айналысулары қажет. Міне, осы себептен де, біздің университетте Бизнес – инкубатор «Каспий аңғары» студенттік жобаларының таныстырылымы өтіп жатыр. Мен өте қуаныштымын, сіздер үшін өте қуаныштымын, сәттілік тілеймін!» - деді.
Бұдан кейін сөз алған студенттер мен олардың жетекшілері ғылыми жобаларының таныстырылымына кезек берді. «Электроэнергетика» кафедрасының профессоры, т.ғ.к. В.А. Яшков жетекшілік ететін «Балама энергетика» ғылыми клубының мүшесі Зинел Данияр «Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) энергетикада пайдалану» жобасында тұрмыстық қатты заттарды жағу арқылы жылу өндіру, өндірілген жылуды пайдалану туралы баяндады. Ол үшін қажетті құрылғының да сызбасын ұсынды. Университет жағдайында қалдық заттарды жағу, оны түрлі қажеттіліктер үшін пайдаланудың маңыздылығының техникалық және экономикалық есептері көрсетілген. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер білдірілді, жобаны жетілдіру жолдары да айтылды. Келесі жоба «Экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар» факультетінің деканы, э.ғ.к., профессор А.А.Жалғасбаева жетекшілік ететін топ студенттері Қабылмұрат Балғынбек, Тұрсынәлі Бүрлен, Рахмет Салауат, Бөкен Ермек «Ағаштан бұйымдар дайындау шеберханасын ашу» жобасын ұсынды. Студенттер өздері ағаштан жасалатын бұйымдардың суреттерін, сызбасын, өз қолдарымен жасалған әртүрлі бұйымдарды ұсынған. Қатысушыларға «Бүркіт» бейнесі қатты ұнады. Қытай Халық Республикасынан келіп білім алып жатқан студенттердің өнерлері көпшілік көңілінен шығып, ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылықтар танытты. Бұл жоба бойынша да пікірлер білдіріліп, ұсыныстар айтылды. Ендігі жоба «Сандық кітапхана» деп аталған. Жобаны «Ақпараттық технология» мамандығының студенті Әліби Бекжанов ұсынды. Жетекшісі т.ғ.к., профессор, бизнес – инкубатор «Каспий аңғары» жетекшісі Ж.Д. Ғаббасовамен бірлесе біраз жұмыстар жасалынғаны көрінді. Бұл жоба бойынша кітапхана қызметінің жұмысын жеңілдетуге болады. Кітапханадағы оқулықтар, оқу құралдарының, жалпы кітаптардың саны, оны қолданушылар, бүгінгі күні оқырманға қажетті кітапты кім пайдалануда, ол қашан қайтарады деген сұрақтардың жауабы осы жобадан анық көруге болады. Шараға қатысқан АтМГУ Көпшілік кітапханасының қызметкерлері қызығушылық танытып, қолдану мүмкіндігіне байланысты жоба авторларына өздерінің сұрақтарын берді. Кітапханада бұрыннан пайдаланылып жүрген өзге бағдарламаның артықшылығы немесе өзгешелігі де айтылып өтті. Айта кететін жақсы жаңалық, профессор Ж.Д. Ғаббасова өз сөзінде кәсіби бағыт-бағдар жұмыстары барысында қала мектептеріне осы жобаны тегін сыйға беру мүмкіндігінің бар екенін жеткізді. Келесі ғылыми жобаны «Ақпараттық технология» мамандығының студенттері Әліби Бекжанов пен Алтынбек Хазезов ұсынды. Жоба авторлары профессор Ж.Д. Ғаббасованың жетекшілігімен «Web-сайттарды жасақтау» деп аталған бұл жобада Атырау мұнай және газ университетінің жаңа Web-сайтын таныстырды. Бұл жоба бойынша да пікірлер, сұрақтар және қызу талқылау болды. Ал студент Кабасов Аликтің «Мобильное интерактивное 3D приложение «Campus AOGU» жобасы көпшіліктің қызығушылығын танытып, көңілінен шықты. Бұл жобаның маңыздылығы сол, жобада Атырау мұнай және газ университеті оқу ғимараттары мен ғылыми зертханаларының 3D форматтағы кескіні көрсетілген. Бұл жалпы көпшілік үшін, студенттер, талапкерлер, ата-аналар үшін университет туралы толығырақ мәлімет беру мүмкіндігімен тартымды болды. Студент Құмарова Камиланың ««Paradise for people» Әлеуметтік жоба» жұмысы балалардың демалыс және ойын алаңын көрсеткен жоба Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды жоба деп танылды. «Таза технология» студенттік старт ап тобының «Теплоэнергоснабжение объектов с использованием солнечной энергии» жобасын студент Бактыгереев Бекайдар жетекшісі т.ғ.к, «Мұнайхимиясы» ИБЗ ғылыми қызметкері Б.И. Қуанышевпен бірлесе ұсынды. Шараның соңында ғылым және инновация жөніндегі проректор, тар.ғ.д., профессор Ә.Қ. Мұқтар қатысушыларға үлкен ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыстар тіледі.