22.12.17ж. «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Халықаралық жас мұнайшылар одағының (SPE) және «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығының бір топ белсенді студенттері бірлесіп қайырымдылық акциясын өткізді. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі атаулы қайырымдылық акциясы бұл жолы Ғаббасов Медет Болатұлына арналды. 9 жасар Медет қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Ата-анасы сәбиді емдетуге қажетті қомақты қаражатты жинау үшін қайырымды жандардан көмек сұраған.
Осы қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі Халықаралық жас мұнайшылар одағының (SPE) вице-президенті Райымбек Сүндетов студенттердің өз қолдарымен дайындалған дәмі тіл үйірер түрлі тәттілерді сатқаннан түскен қаражатты емделуіне жұмсалатын Медет Болатұлының есеп шотына аударатынын хабарлады. Сонымен бірге акция барысында тәттілерді сатудан өзге арнайы қайырымдылқ жәшігі ұйымдастырылған. Биылғы акцияда студенттер қазіргі кезеңде жастар арасында сәнге айналған денеге хнамен сурет салуды да ұйымдастырған. Ең бастысы акцияны ұйымдастырушы студент жастардың теңізге құйған тамшыдай болса да, бұл шараға шынайы өз көңілдерімен ат салысқаны байқалып –ақ тұр. АтМГУ студенттері білім, ғылым, өнерді меңгеріп және спортпен шұғылданып қана қоймай, сонымен бірге мұқтаж адамдарға көмек қолын ұсынуды өздерінің азаматтық борышымыз деп таниды. Бүгінгі шараға соның бір дәлелі.