Еліміздегі мұнай-газ саласының жетекші жоғары оқу орны Атырау мұнай және газ университетінде жаңа 2018-2019 оқу жылының басталуына байланысты салтанатты жиын өтті. Университет ұжымы жаңа оқу жылын білімді де білікті, кәсіби шеберлігі жоғары, бәсекеге қабілетті, ғылыми пайымдауы озық, талғамы биік мамандар даярлап, оларға жақсы тәрбие беру мақсатында бастады.
Білім ордасындағы салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары Ассоциясының 1-ші вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор А.А.Абишев оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттерін, магистранттарын білім күнімен құттықтай отырып, Атырау мұнай және газ университетінде студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен айналысып, жеке интеллектуалды қабілеттерін дамытып, өнер мен спортта жетістіктерге жетуге бар мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Студенттік кампустағы оқу ғимараттары, студенттік аудиториялары, дәріс залдары, зертханалар уақыт талабына толық жауап бере алады және заманауи техникалық құралдармен жеткілікті қамтамасыз етілген аудиториялар студенттердің ақпараттар әлеміне кедергісіз енуіне толық мүмкіндік береді.
Биылғы оқу жылында университет студенттерінің қатары өздерінің болашақтарын еліміздің мұнай-газ саласымен байланыстырған 1200 студент және 150-ден астам магистрантпен толықты.
Салтанатты жиынға қатысқан бірінші курс студенттері мен олардың ата-аналары оқу орнының басшылығымен, проректорлар және факультет декандарымен таныстырылды. Жиын соңында әр факультет декандары өзінің 1 курс студенттерімен танысып, АтМГУ-гі оқу үрдісін таныстырды.
Сонымен бірге студенттік топ кураторлары бірінші курс студенттеріне арналған кампуста саяхат ұйымдастырылды.