26 қазан күні Атырау мұнай және газ университетінде "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Туған жер" бағдарламасы аясында АтМГУ мұражайының қызметкері, нағыз ұлтжанды, зиялы азамат, энтузиаст Афанасьев Вячеслав Константиновичтің 60 жылдық жұмыс өтіліне арналған «Ескі Гурьевтің тарихы» атты іс-шара өтті. Аталған іс-шараның мақсаты – студенттерді туған өлкесінің тарихымен таныстыру, жас ұрпақтың өңірімізге деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылық сезімін арттыру, елдің тарихы туралы білімдерін кеңейту болып табылады.
Шара басында мұражай меңгерушісі А.Б.Турниязова В.К.Афанасьевті құттықтап, басқарма төрағасы – ректор А.А.Абишев атынан марапат грамоталарын табыс етті.
«Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы А.А.Кораблев өз сөзінде Вячеслав Константиновичтің өмір және еңбек жолы туралы әңгімеледі. Оның түлектерінің арасында Шевченко қаласының (қазіргі Ақтау) прокуроры Карл Бисалиев, Атырау мұнай және газ институтының (қазіргі Атырау мұнай және газ университеті) бірінші ректоры Төлеуіш Серіков, «Ембімұнайгеофизика» Президенті Сағынғали Тарбаев, «БатысҚазжерқойнауының» бастығы Асхат Досалиев, «В.И.Ленин» атом жорығы командасының құрамындағы Солтүстік полюс экспедициясының қатысушысы Борис Поздняк, танымал кинорежиссер Тимур Бекмамбетов болғанын айтып кетті. В.К.Афанасьевтің студент жастардың азаматтық, патриоттық және рухани-мәдени тәрбиесіне, Атырау мұнай және газ университеті жанындағы тарихи-өлкетану мұражайының қалыптасуы мен дамуына, облыстағы жалғыз тарихи-туристік «Мирас» клубы мен Жауынгерлік Даңқ залын, «Ескі Гурьев» мұражайын құруға және Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің есімдерін қалпына келтіру және мәңгі есте сақтау жұмыстарына қосқан зор үлесін атап өтті.
Іс-шара барысында барлық қатысушы қонақтар белсене араласқан қызықты викторина өткізілді. Сондай-ақ, шараға Қазақстанның танымал, құрметті журналисі Валишева Регина қатысты. Ол В.К.Афанасьевті құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді. В.К.Афанасьевке өзінің «Люди Прикаспия» атты авторлық кітабын және мұрағат фотосуретті сыйға тартты.
Іс-шара өте қызықты өтті. Студенттер туған қаласының тарихы туралы көптеген пайдалы ақпараттар алды. Іс-шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін қонақтар В.К.Афанасьев құрған «Ескі Гурьев» мұражайына барды.