9 қараша күні Атырау мұнай және газ университеті базасында «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ және «Атырау жас өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өлкетану – тарихи таным бастауы» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – Атыраудың ежелгі және қазіргі заманғы тарихына, мәдени ошақтарына, сондай-ақ оның тарихи тұлғаларына, батырларына, билеріне, ел басқарған көсемдеріне талдау жасай отырып, студент жастардың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
«Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының оқытушысы Шманов Жасұланның жүргізуімен өткен дөңгелек үстел жұмысына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Шамғонов Амангелді Шамғонұлы; өлкетанушы, АтМГУ профессоры Әміржанов Аманғали Әміржанұлы; №23 мектеп директоры Азилов Қайырғали Сүйіндікұлы; Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Жолан Бердібек; «Атырау жас өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы Аманжолов Аслан Аманжолұлы; АтМГУ академиялық профессоры, Атырау облысының алдыңғы қатарлы өлкетанушы ғалымы Афанасьев Вячеслав Константинович; «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Александрович Кораблев, сонымен бірге университет қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Өлкеміздің табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихы мен мәдениетін, елді мекендерін, оларды зерттеу және т.б. деректерді жинау мен жүйелеу мақсатында университет студенттері Атырау қаласының тарихы туралы ізденіс тақырыптарына орай баяндамаларын оқыды.
Жиын барысында өлке тарихына байланысты өзекті мәселелер талқыланып, көптеген пікірлер айтылды. Тарих жанашырлары өз сөзінде өсіп келе жатқан жас буынның ел мен жер тарихын тереңдете оқып, қай уақытта да естерінде ұстау керектігін, туған өлкенің әр бір тасы мен тауының, батыры мен биінің бізге берер тағылымы қашан да мол екенін айтты.