20.09.2017ж. Атырау мұнай және газ университеті базасында облыстық «Латын жазуына көшу- әлемдік білім кеңістігіне енудің табысты жолы» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді университеттің академиялық сұрақтар жөніндегі проректоры, э.ғ.д., профессор А.Б.Майдырова кіріспе сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Алдымен «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» тақырыбында «Қазақ, орыс және шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушы Л.В.Сандыбайдың баяндамасы тыңдалды. Дөңгелек үстелге қатысушы қонағымыз, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі Ә. С. Төлеуішов өз сөзінде сонау 1940 жылы бір күнде орыс графикасына көшудің сол кездегі тарихи себептеріне тоқталды. Ол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Елбасы мақаласындағы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын, қажеттілігін атап өтіп, алдағы уақытта латын жазуына көшу кезіндегі туындайтын қиындықтарға тоқталып және сол қиындықтарды, кедергілерді шешудің жолдары туралы өз ойын ұсынды.
Дөңгелек үстелде сөз алған «Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., Б.С.Нығметов қазақ халқы ұрпақтар сабақтастығын жоғалтып алғандығын, қазіргі ұрпақ ата-баба басындағы белгілерді оқи алмайтындығын қынжыла айтып, осы қателіктерді жоюда латын қарпіне көшудің маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталды.
Дөңгелек үстелге қатысушы университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студент жастары да өздерінің латын жазуына көшуді қолдайтындығын, жаңа әліпбиде қазақ тілі тек өзіне ғана тән ерекшеліктерін (төл дыбыстар, сингарманизм заңдылықтарын, дыбысталу ерекшіліктерін, т.б.) жоғалтып алмауына басты назар аударуды, сонымен бірге бір дыбысты бір таңбамен белгілеу қажеттілігін және 2025 жылды күтпей, соған дейін латын әліпбиін қабылдауды ұсынды.