28 ақпанда Атырау мұнай және газ университетінің конференция залында 1наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғырту – жастар көзімен» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны АтМГУ ҚХА кафедрасы мен Көшбасшылар орталығы Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп ұйымдастырды. Шараға «Қоғамдық келісім» КММ, «Жас Отан» Жастар қанаты, Атырау облысы ҚХА «Жастар қанатының» өкілдері, Атырау өңірлік Рухани жаңғыру жобасы кеңесінің мүшесі, АтМУ, АИГИ ҚХА кафедраларының меңгерушілері, колледж студенттері мен оқу орнының студенттері қатысты. Дөңгелек үстелді «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Б.С. Нығметов жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Атырау облысы «Қоғамдық келісім» жанындағы ұйымның төрағасы, профессор Д.О. Құлжанов Елбасы Жолдауына қысқаша тоқталып, білікті, білімді жастарды қанша дайындағанмен, бойларында адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттер болмаса, рухани жаңғыру қиын болады, - деді. Шара қонақтары АтМУ профессоры Л.Бердіғожин, «Жас Отан» Жастар қанатының өкілі А.Мыңбай, «Былина» этномәдени бірлестігінің төрағасы А.А. Кораблев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің өкілі М.Қонысқали тақырып төңірегінде келелі әңгімелер қозғады. АтМГУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Л.К. Садыкова дөңгелек үстелдің ұйымдастырылу мақсатын түсіндірді. Бір мемлекеттің құрамында жүзден аса ұлттың өмір сүруі өте қиын. Қазақ ұлтының кең пейілінің, бауырмалдығының арқасында емін-еркін өмір сүру мүмкін болып отыр. Қиын-қыстау кезеңдерде басқа ұлт өкілдерін бауырына тартып, жарты нанын бөліп берген қазақ халқына алғыс айтқым келеді, - деді. Өз кезегінде сөз алған ең жас спикер Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледждің 1-курс студенті («БоПӘ» мамандығы, о/б) Любезнова Юлия өзінің ойын еркін, таза қазақ тілінде жеткізді. АтМГУ «Құрылыс» мамандығының 3-курс студенті Крюкова Марина да баяндамасын қазақ тілінде оқыды. ҚХР-нан келіп, университетте білім алып жатқан Бектұрсын Өмірәлі (МГІ, 3-курс) 2015 жылы Исатай мен Махамбеттің жеріне келгендігін және оларды құшақ жая қарсы алып, бар жағдайларын жасаған оқу орнының басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ, елімде қалып, өз еңбегімді сіңіріп, толыққанды елімнің азаматы болғым келеді, - деген ойын да жеткізді. Ал, Дина Серікқызы өзінің атажұртқа деген құрметін, сағынышын өлең жолдарымен білдірді. Университеттің белсенді студенті Юсупов Қуаныш атақты қолбасшы, батыр Б.Момышұлының жастарға берген кеңесіне тоқталса, №17 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Қабышев Әділет «Рухани жаңғыру» деген не, оны қалай түсінеміз? – дегенді айтып шықты. Магистрант Алекперов Вугар бэкстейдж, тәжірибе алмасу мәселелері туралы өз ойын білдірсе, 2-курс студенті Құмарова Камила сыбайлас жемқорлық жойылған кезде ғана, біз 30 елдің қатарына қосыла аламыз, – деп ойын ашық айтты.
Дөңгелек үстелді модератор Б.С. Нығметов қорытындылап, шара қонақтарына және көтерілген тақырыпқа сай ойларын ашық, еркін жеткізген қатысушыларға алғысын білдірді.