Кітапхана

Ғылыми кітапхана

Кітапхана директорының м.а. - Ерғалиева Сағадат Туремуратқызы,

сот: 8 702 754 6151

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ғылыми кітапханасы.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің кітапханасы 1980 жылы Гурьев қаласында Қазақ политехникалық институтының жалпы техникалық факультетінде (ҚазПТИ ЖТФ) құрылған.

1999 жылы Атырау мұнай және газ институты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының бірігуі нәтижесінде кітапхананың қоры едәуір кеңейді. Оның жалпы қоры шамамен 150 000 кітап пен журналды құрады.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің кітапханасы ақпараттық орталық ретінде университеттің құрамды бір бөлігін құрайтын, өзіндік келбеті бар бөлім болып табылады. Қазіргі уақытта кітапхананың жалпы қоры қазақ, орыс және шет тілдеріндегі 600 000 дана кітаптар мен мерзімді басылымдарды құрайды. Жылына 11 933 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіліп 26 185 данадан астам кітаптар мен мерзімді басылымдар қолға беріледі.

Ғылыми кітапхананың негізгі мақсаты: жоғары білім беру субъектілерінің – білім алатын студенттерден бастап университеттің білім беру және ғылыми қызметін жүзеге асыратын профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің ақпараттық қажеттіліктерін қамтамасыз етуді сапалы ұйымдастыру болып табылады.

Миссиясы - әрбір пайдаланушыға қызмет көрсетуде білім беру, ғылыми және кәсіби қызметіне ықпал ететін кез келген ақпараттық ресурстарға сапалы және тиімді қол жеткізуге ақпараттық орталық болу.

Кітапхана қоры университет бейіміне сәйкес, оқу бағдарламаларының оқу жоспарлары, бөлімдер ұсынған оқу әдебиеттерінің тізімі, университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары, сонымен қатар оқырмандардың сұранысы негізінде жасақталады.

Елбасының "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын әзірлеу бойынша қойылған міндеттеріне байланысты университет кітапханасында сандық технологияларды қалыптастыру шеңберінде неғұрлым сұранысқа ие оқулықтарды сақтау және сандық форматқа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін ғылыми кітапхана "КАБИС" бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Электронды каталогтың көлемі 420 223 библиографиялық жазбаны құрайды. Электрондық каталог іздеудің барлық нұсқасын ұсынып, сұраныстың барлық түріне жауап береді.

Университеттің оқытушы - профессорлар құрамы, студенттері мен қызметкерлеріне әлемдегі жарияланымдардың көпшілігін ұсынатын ThomsonReuters, Springerlink, Scopus, Polpred, "Лань" электрондық кітапхана жүйесі, "ПАРАГРАФ" ақпараттық жүйесі сияқты компаниялардың деректер қорын, сондай-ақ Республикалық ЖОО-аралық электрондық кітапхана жүйесінің (РМЭБ) қызметтерін пайдалануға мүмкіншіліктер жасалған.

Кітапхана қызметінің негізгі бағыттарының бірі мәдени-тәрбиелік жұмыс болып табылады, ол әртүрлі кітапханалық көпшілік іс-шараларды: оқырман конференцияларын, әдеби-композициялық кештерді, дөңгелек үстелдерді, кітап тұсаукесерлерін, ақпарат күндерін, кафедра күндерін т.б. іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді қамтиды.

Кітапхана қызметкерлері тарапынан бірінші курс студенттеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Әр оқу жылының басында бірінші курс студенттерімен келесі іс-шараларды қамтитын танымдық айлығы өтеді: оқырман формулярын толтыру, кітапхана бойынша экскурсия және кітап қорын пайдалану ережелері туралы.

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің  Ғылыми кітапханасына қош келдіңіздер!