2018 жылдың 15 қараша күні сағат 11:00-де Атырау мұнай және газ университетінің Студенттер сарайында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Туған жер» бағдарламасы аясында нумизматика көрмесі өтті. Университет базасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін көрме биыл ұлттық теңгенің 25 жылдығына орай «Теңге – тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің нышаны, қазіргі заманғы тарихтың толыққанды бөлігі және Қазақстанның болашағы» тақырыбында ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – студенттерді ұлттық валютаның пайда болу тарихымен, тәуелсіз егемен мемлекеттің символы ретінде Қазақстан Республикасының қалыптасуындағы теңгенің рөлін, жас ұрпақтың білімдерін кеңейту және олардың Отанға және туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Көрме барысында э.ғ.к., профессор Р.Д.Оспанов теңгенің тарихы, маңызы туралы баяндап, студент жастарды жаңа, тың деректермен қызықтырды. Өңірге танымал бірнеше коллекционерлер көрмеге өздерінің тақырыптық жәдігерлерін қойды. Шара басында теңге тарихы туралы деректі фильм көрсетіліп, соңынан көрмені тамашалауға келген көрермендер, яғни студент жастар арасында викториналық сұрақтар қамтылған ойын өткізілді. Викториналық ойын жеңімпаздары АтМГУ естелік сыйлықтарымен марапатталды.