25 қазан күні Атырау мұнай және газ университетінде Сұлтан Бейбарыстың туылғанына 795 жыл толуына орай «СҰЛТАН БЕЙБАРЫС МҰРАСЫ» атты дөңгелек үстел өтті. Қазақ этносының қалыптасу тарихында Сұлтан Бейбарыстың аты аңызға айналған тұлғасы мен оның жетістіктерінің негізінде жастарға патриоттық тәрбие беру, сонымен бірге жас ұрпаққа тиімді өмір стратегиясын таңдауға көмек көрсету мақсатында өткен жиынға АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер, сонымен бірге №22 мектептің оқушылары мен өкілдері қатысты.
Болат Сырымұлы жүргізген жиынның алғашқы сөзін стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректор Ербол Темірғалиұлы бастап, батыр бабамыздың рухани жылында өтіп жатқан шараның маңыздылығына, оның ұрпақ үшін берер тағылым мен тәрбиесі мол екендігіне тоқталып, шараға қатысушыларға, жалпы дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында т.ғ.д., Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Л.Бердіғожин Сұлтан Бейбарыс туралы көптеген қызықты да қажетті деректерден үзінді келтіріп, жиынға қатысушыларды тың ақпараттармен қамтамасыз етті.
﹣Қазіргі уақытта бабамыздың 795 жылдығын университет көлемінде тойлап жатқан болсақ, Сұлтан Бейбарыс билік жүргізген кезеңде, яғни ХІІ ғ. аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында әлем бойынша ең алғаш құрылған университет – Каир университеті екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.
Сұлтан Бейбарыс туралы Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты зерттесе, есімі елген танылған бабамыз жайлы қазақ тарихшы-шығыстанушысы, т.ғ.д., ҚР ҰҒА – Б.Көмеков, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі – Меруерт Әбусейітова, т.ғ.д., археография және деректану ұлттық орталығының жоғары деңгейлі археографы Жұлдыз Төлебаева секілді бірнеше ғалымдар батыр туралы еңбек жазып, кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдыруда.
Сонымен қатар, баршамызға белгілі І.Есенберлиннің «Алтын орда», «Көшпенділер» трилогиясында С.Бейбарыстың бейнесі сипатталады. Ал, көпшілікке таныс Б.Соқпақбаевтың атаулы бір шығармасында қыпшақ елінің қызы Бейбарыс сұлтанның анасы екені жайынды қызықты дерек келтірілген.
Айта кетелік, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Атырау өңірінің тумасы Қадір Жүсіп Өтегенұлы – «Бейбарыс әлемі» атты жыр жинақтың авторы. Сондай-ақ, Атырау облысы әкімдігінің алдында орналасқан батырдың ескерткіш мүсіні баршамызға мәлім «Сұлтан Бейбарыс» екі бөлімнен тұратын көркем фильмінде басты рөлді сомдаған жерлесіміз Нұрмұхан Жантөриннің көркемдік бейнесінде жасалғанын айтып кетсек жөн болар,- деп жиынға қатысушыларды түрлі тың мәліметтермен сусындатты.
Сондай-ақ жиын барысында т.ғ.к., «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының профессоры М.У.Нұрсұлтанова, оқытушылар, жастар көшбасшысы және жастар ұйымдарының өкілдері батыр бабамыз жайында сөз қозғап, болашақ ұлтын сүйгіш жігерлі, білімді, талапты жастардың қолында екенін айта отырып, өз ойларымен бөлісті.
Атаулы шараның «Рухани жаңғыру» жылында туған жердің ержүрек батырларын, ұлағаты мол ұлыларын ұрпаққа үлгі ете отырып, келешекте береке мен бірліктің, табыс пен тамыры терең тарихтың мәңгі сақталуына айтарлықтай әсері болатынына сеніміміз зор.