Атырау мұнай және газ университетінің «Әскери даңқ» залында тарихи күнге арналған дәстүрлі кездесу өтті. «Ешкім де ешқашанда ұмытылмайды» ұранымен өткен кеш өзге күнделікті өтіп жатқан шараларға ұқсамайтын, маңыздылығы жоғары, жауапкершілігі мықты, болашаққа деген нық сенімді жүрекке ұялата білуімен дараланады.
«Қаралы да азалы күн» тақырыбындағы өткен шараның өзге шаралардан ерекшелігі - осыдан дәл 77 жыл бұрын басталған Екінші дүниежүзілік соғыстың, яғни Ұлы Отан соғысының естен кетпес ерліктері пен ұмытылмас ұл-қыздарының есімдерін еске алу. Шараға қала тұрғындары, соғыстың ұрпақтары, ардагерлер, университет ұжымы қатысты. Шараны АтМГУ «Мирас» патриоттық тарихи-өлкетану клубының жетекшісі, «Әскери даңқ» залының меңгерушісі, ардагер, республикаға есімі танымал өлкетанушы Вячеслав Константинович Афанасьев ашып, соғыс жылдарында қаза тапқан әскерлер туралы, концлагерь тұтқындарының өмірі, тылдағы халықтың ашаршылық пен қиындықтары, қираған қала орындары, т.б. жантүршігерлік соғыс салдары туралы кең мағлұмат берді.
«Прикаспийская коммуна» газетінің бұрынғы бас редакторы, ардагер журналист Любовь Моностырская 4 жыл,1418 күн, 2600 шақырым және 27 милилон адам өмірін жалмаған сұм соғыстың қайғысы мен қасіретіне тоқталды. Бұл еліміздің әр 8-ші азаматы соғыста қаза тапқанын, яғни ҰОС-да күнсайын 14 мың адам, сағатына 600 адам, әр минут сайын 210 адам жер жастанған деген тарихи деректерімен бөлісті.
Кездесу барысында ҰОС қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, сұрапыл соғыс жылдары туралы бейнефильм көрсетілімі өтті.
Кеш соңында сөз алған «Былина» орыс этномәдени орталығының төрағасы Андрей Кораблев, мұражай жетекшісі А.Б.Тұрниязова және кешке қатысушы ардагерлер «22 маусым - қаралы да азалы күн» енді тек тарих еншісінде қалып, болашақта елімізде қайталанбауына, бүгінгі ұрпақтың жеңістің жемісін көруіне деген шынайы тілектерін білдірді.